Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Қазақстанның Ауғанстан алдындағы өтелмеген парызы қандай?

Фото: Таңшолпан Бегалықызы
Ауғанстан — жарты ғасыр бойы соғыстан көз ашпаған мемлекет. Қазақстан Ауғанстанға тұрақты түрде гуманитарлық көмек беріп келеді. 2025 жылғы қараша айында Sayahat Time командасы Қазақстанның гуманитарлық миссиясы құрамында Ауғанстанға барып, деректі фильм түсіріп қайтқан. Фильм «Өтелмеген парыз» деп аталады. Деректі фильм көпшілікке енді ұсынылды.
XX ғасыр басында қазақ халқы аштықтан, соғыс пен қуғын-сүргіннен қашып, тарыдай шашылуға мәжбүр болды. Қазақ халқының бір бөлігі ауған жеріне бас сауғалаған еді. Сөйтіп аман қалды. Деректі фильм авторлары «ауған халықының алдында өтелмеген парызымыз бар» дейді. Baribar.kz тілшісі деректі фильмді көріп қайтты.

Қазақстан Ауғанстанға не үшін көмектесуі керек?

Фильмде Ауғанстандағы қазіргі ахуал, қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігі және Қазақстанның халықаралық гуманитарлық рөлі көрсетілген. Жоба Ауғанстан тақырыбын тек сыртқы таптаурын арқылы емес, адамдардың өмірі мен гуманитарлық миссия арқылы ашуға тырысқан.

Ол жолғы гуманитарлық көмек ішінде төсек-орын, дәрі-дәрмек, медициналық құрал-сайман болған. Оған қоса 13 қазақ дәрігер де аттанған. Кабулдың батыс ауданында босқындар лагері бар. Көмек ең алдымен сол лагерьге жеткізілген. Ондағы босқындар да өзге елдің азаматы емес, ауғандардың өзі. Кезінде олар Пәкістан мен Иранға көшіп кеткен. Енді Ауғанстан мен көрші елдер арасында кикілжің көбейгендіктен, Пәкістан мен Иран Республикасы еліндегі ауғандарды қуып жатыр. 2023-2025 жылдары ол елдерден Ауғанстанға төрт миллион адам қайтарылған.

Фото: Таңшолпан Бегалықызы

Босқындар лагеріне күніне жеті мыңдай адам келіп түседі. Барлық тексеруден өтіп, жәрдемақы алған соң, туысы барлар соларға, ал туысы жоқтар өңір-өңірге жіберіледі.

Қазақстанның Ауғанстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ғазиз Ақбасов еліміз тәуелсіздік алғалы ауған халқына көмектесіп келе жатқанын айтты.

Гуманитарлық көмек беретін себебіміз Ауғанстан — қиындық көріп жатқан көршілес, бауырлас ел. Ал саяси тұрғыда Ауғанстан 40 жыл соғыс көргендіктен, сол жағдай қайталанбас үшін, көршілес елдерде тыныштық болуы үшін қолдан келгенше көмектесеміз, — дейді Ғазиз Ақбасов.

Sayahat Time жобасының авторларының бірі Ернар Алмабектің айтуынша, бұл миссияға әркім әртүрлі жағынан қарайды: біреу саяси тұрғыдан, енді бірі достық жағынан қарайды.

Ал мен бұл миссияны парыз тұрғысынан қараймын. Сол үшін Ауғанстанға көмектесуіміз керек деп ойлаймын. Осы деректі фильм шығарда «Өзіміздің де жағдаймыз мәз емес, біз неге басқа елге көмектесуіміз керек?» деген сұрақтар шығатынын білдік. Сол сұраққа фильмнің атауымен алдын ала жауап беріп қойдық, — дейді Ернар Алмабек.

Ауғанстан билігі қандай?

Ауғанстан елшілігінің кеңесшісі Аят Елеусінов Кабулда үш жылдан бері тұрып жатыр. Жергілікті ұлттың тілінде сөйлейді.

Ауғанстанға барып көрмеген адамға ол ел басқа бір әлем сияқты көрінуі мүмкін. Алайда Ауғанстан — тарихи, мәдени, ділі жағынан бізге өте жақын халық. Ол жақта, әрине, әлеуметтік, тұрмыс жағынан қиыншылақ бар. Алайда ол жақта да адамдар өзінше бақытты. Өмірден түңілмейтін өте төзімді халық. Бұл халықтың басқа елдердің көмегінсіз қазіргі күйден шығуы қиын, — дейді Аят Елеусінов.

Фото: Таңшолпан Бегалықызы

Кеңесші Ауғанстанның билігі қандай екенін де айтып өтті.

Ол жақтың билігі классикалық билік болмағанымен, олармен де тіл табысуға болады. Тіпті, келісімшарт жүргізу, іс-шара өткізу жағынан Ауғанстан билігімен келісу оңайырақ. Мысалы, Таяу Шығыста қақтығыс басталғанда сол елдердегі Қазақстан азаматтарын Ауғанстан әуе кеңстігімен эвакуациялау керек болды. Бұл — төтенше жағдай. Мұндай жағдайда басқа мемлекеттің әуе кеңістігімен ұшуға рұқсатты бір апта-10 күн күтер едік. Ал ауған билігі бұл мәселені екі сағатта шешіп берді, — дейді ол.

Ауғанстан қазақ халқы туралы не ойлайды?

Ернар Алмабек Ауғанстанға үш рет барған. Гидпен де, өз бетінше де жүрген. Ең қауіпті жол деген асуларынан өткен, таксимен жүрген.

Қазақстан десең, бірден құшақ жаяды. Өйткені ол жақта Қазақстанның ұны өте танымал. Кез келген дүкенінде біз жасаған ұн мен сұйық май тұрады. Біздің ұннан жасалған тағамдар өзгесінен қымбатырақ тұрады, — дейді ол.

Фото: Таңшолпан Бегалықызы

Sayahat Time жобасы авторларының бірі Жазира Байдалының айтуынша, Ауғанстанның әр бұрышында наубайхана бар. Ауған халқы күнде таңертең сол наубайханаға барып, Қазақстан ұнынан піскен нан сатып алады.

Біздің ұнымыздан піскен нанды ерекше дәмді дейді. Ұн мен сұйық май ас пісіргенде ең көп қолданатын тағам ғой. Күнделікті тағамы Қазақстаннан сатып алынғанын білетін ауғандар біздің елімізге мейіріммен қарайды, — дейді Жазира Байдалы.

Ернар Алмабектің айтуынша, ауған мен қазақ халқының ділі ұқсайды. Әсіресе, үлкенді, қонақты құрметтейтіні ұқсайды.

Ауғанстанда қонақ болған мәртебең үшін өзіңді қауіпсіз сезінесің. Өйткені ауғанның салты бойынша, қонақты ренжітпеу керек. Олар қонақты бірден таниды. Өйткені киім киісі, жүріс-тұрысы өздерінен бөлек болып тұрады. Өздерінің көк шайы бар, далада дастархан жайып жіберіп, қонақты шайға шақырады. Сосын сені бірден үйіне қонаққа шақырады, — дейді Ернар Алмабек.

«Ауғанстанда көрген дүнием — қарапайым бақыт»

Жазира Байдалы Ауғанстанға барған шетел блогерлері YouTube-тағы арнасына «Мені автоматпен қарсы алды», «Мені ұрлап кетті» деген сияқты айғайлатып тақырып қоятынын айтты. Ал шын мәнінде елдегі жағдай ондай қорқынышты емес.

Ауғанстандағы 10 күндік сапарда басымнан бір жамандық өткен жоқ. Өзімді жайлы, жақсы сезіндім. Керісінше, қазіргі сән, хайп қуған заманда біздің қоғамымызда ұмытылып бара жатқан құндылықтарды сол жақтан көрдім. Әсіресе, таудағы тастан үй қашап, сегіз баласымен тұрып жатқан ерлі-зайыптының үйіне барғаным көп ой салды. Негізі бақыт деген осы ғой: басыңда баспанаң бар, сүйген жарың қасыңда, бала-шағаң бар, он екі мүшең сау, жейтін тамағың бар, ал ең бастысы жүректе шүкірлік бар. Ауғанстанда көрген дүнием — қарапайым бақыт, — дейді жоба авторы.

Жазира мен Ернар қонаққа барған ерлі-зайыпты туралы каналына видео жүктеген. Ол «Лашықтағы бақыт» деп аталады. Саяхатшылар онда қонаққа барғанда Жазира Байдалы «бұлар бақытты» деген сөзді жиі айтыпты.

Ал «Өтелмеген парыз» фильмін мына жерден көруге болады:

Sayahat Time – 2018 жылдан бері қазақ тілінде танымдық контент ұсынып келе жатқан YouTube жобасы. Жоба авторлары — Ернар Алмабек пен Жазира Байдалы. Олар Қазақстанның түрлі өңірін және шетел мемлекеттерін аралап, көрерменге сапалы саяхат контентін ұсынып келеді.

Exit mobile version