Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

«Денесінің сау жері қалмаған». Оралда қаңғыбас иттер 5 жастағы баланы талап тастады

Фото: Ерқанат Аманкел
Оралда қаңғыбас иттердің үйірі бес жастағы баланы талап тастады. Ауыр жарақат алған бүлдіршінді көршісі құтқарып қалған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

«Мой Город» мәліметінше, оқиға 17 мамыр күні кешке тұрғын үй ауласында болған. Баланың анасы Назгүл Сандыбаеваның айтуынша, ұлы далада ойнап жүрген кезде оған жеті ит бірдей тап берген.

Бес жастағы ұлымның денесінің сау жері қалмады деуге болады: иттер жамбасын қатты тістеп, арқасын жыртып кеткен, қолы мен саусақтарын қауып тастаған, – деді ол.

Әйелдің сөзіне қарағанда, көршісі баланың айғайын естіп, оны иттердің арасынан алып шыққан. Кейін ата-анасы баланы шұғыл түрде ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер оған сегіз тігіс салып, қажет екпелер жасаған. Қазір бала дәрігерлердің бақылауында.

Баланың анасы тұрғындардың бірнеше жылдан бері үйлер мен балалар алаңы маңындағы агрессивті қаңғыбас иттерге шағымданып келе жатқанын айтты.

Орал әкімдігі қараусыз жануарларды аулау, зарарсыздандыру, вакцинациялау және уақытша ұстау жұмыстары заң талаптарына сай жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Әкімдік мәліметінше, сәуір айының басынан бері қалада 283 жануар ауланған. Оның 205-і зарарсыздандырылып, вакцина салынғаннан кейін қайтадан табиғи мекен ету ортасына жіберілген.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет дерегіне сәйкес, тек сәуір айында жануарлардың адамды тістеуіне байланысты бес жағдай тіркелген. Оқиға Қазақстанда қаңғыбас жануарларға қатысты ОСВВ бағдарламасының (аулау, зарарсыздандыру, вакцинациялау, қайта жіберу) тиімділігі қызу талқыланып жатқан кезеңде орын алды.

Exit mobile version