Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Зерттеу: Елімізде жастар үшін диплом маңызды емес

Фото: Жасанды интеллект
Қазіргі жас буынның мектептен кейін білім алуға қатысты көзқарасы қандай? Олар білім, жұмыс туралы не ойлайды? Baribar.kz еліміздегі жастардың жоғары білімге көзқарасы қандай екенін анықтады.

Жастар «мектеп — университет — жұмыс» шеңберімен шектелмейді

98mag.kz пен inVision U редакцияларының зерттеу болжамы бойынша, Қазақстандағы жастар университетте оқуды әлі де болашақ үшін маңызды кезең деп қарастырады. Зерттеу сауалнамасына 15-25 жас аралығындағы 1 207 респондент жауап берген. Оның 83,3%-ы мектеп бітіргеннен кейін университетте оқу қажет деп есептейді.

Алайда олардың жоғары білім туралы түсінігі толық өзгеріп жатыр. Жастар мектеп бітірген соң тек жоғары оқу орнына түсу керек деген қағиданы ұстанбайды. Жастардың ойынша, шешім қабылдағанда бірден ЖОО-ға түсуден де басқа таңдау бар. Олар білім алу мен даму «мектеп — университет — жұмыс» деген шеңбермен шектелмейді.

Жастардың 64,7%-ы шетелде оқуды жөн көреді

Қазір дәстүрлі білім беру жүйесінен бөлек, курс оқып, тағылымдамадан өтіп, жұмысқа орналасу мен жеке іздену мүмкіндігі бар. Кейбірі оқуға түспей, бір жыл үзіліс алуды, мерзімі аз курсқа қатысып, оқымай-ақ жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр. Демек, цифрлы ортада кәсіби машық меңгеру университеттегі білім бағдарламасының орнын басып жатыр.

Дегенмен жастар жоғары білімнен толық бас тартпайды. Алайда олардың 64,7%-ы Қазақстанда емес, шетелде оқуды жөн көреді. Жастар университет қабырғасындағы уақытты, студент кезді барынша тиімді әрі сапалы өткізуге тырысады.

Уақытты тиімсіз өткізгеннен қорқады

Оқу ақысы мен ескі білім беру бағдарламасы — университет таңдауға кедергі фактор. Әр екінші жас оқу ақысы қымбат екені университет таңдауға кедергі деп біледі. Сауалнамаға қатысқандардың 40%-дан астамы ескі білім беру бағдарламасына көңілі толмайтынын айтқан. Олар академиялық білім мен мамандық талабы арасында үлкен алшақтық бар дейді. Жастардың айтуына қарағанда, кәсіби ортамен ерте танысқан адам университет пен білім сапасына сын көзбен қарайды.

Қазір нейрожелі мен жасанды интеллект дамып, кейбір мамандарға сұраныс азайып бара жатыр. Жастардың 57,2%-ы мамандық таңдауға жасанды интелектінің әсер ететінін көрсеткен. Олар ЖИ-дің қарқынды дамуына үрейлене қарайды. Өйткені оқыған мамандық бойынша 10 жылдан кейін жұмыс табылатын-табылмайтыны белгісіз. Сондықтан жастар уақытын тиімсіз өткізгеннен қорқады.

Жастар үшін диплом емес, тәжірибе маңызды

Жастардың басым бөлігі, яғни 87,2%-ы университет емес, орта таңдайды. Олар университет таңдағанда мамандық меңгеруге аса мән бермейді. Жастар жаңа адамдармен танысып, әлеуметтік ортада дербес даму үшін жоғары оқу орнына түседі. Демек, жас буын университетте оқуды жарқын болашақтың кепілі деп қарастырмайды.

Фото: 98mag.kz

Жоғары оқу орны тек білім алуға, орта қалыптастыру мен тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Жастардың ойынша, мансап жасау үшін дипломнан бұрын кәсіби машық, қарым-қатынас орнату қабілеті, шет тілі, цифрлы құзірет пен тәжірибе маңызды.

Exit mobile version