Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде бірқатар өнер қайраткерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды. Солардың қатарында Мақпал Жүнісова II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ақорда мәліметінше, президент мәдениет саласының дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын айтты.
Мақпал Жүнісованы марапаттай отырып, мемлекет басшысы әншінің халық арасында ерекше құрметке ие екенін атап өтті.
Бүгін жезтаңдай әнші, халқымыз, әсіресе, әйелдер қауымы жақсы көретін өнер иесі, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісоваға екінші дәрежелі «Барыс» орденін тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Салтанатты рәсім барысында белгілі әнші әрі домбырашы Татьяна Бурмистроваға ең жоғары мемлекеттік марапаттардың бірі – «Отан» ордені берілгені жарияланды. Президент оның жарты ғасырға жуық уақыт бойы қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттап келе жатқанын айтты.
Сонымен қатар Марина Ганцева III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Мемлекет басшысы оның театр өнерінің дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, кәсіби мереке қарсаңында мәдениет пен өнер саласының бірнеше өкіліне «Қазақстанның халық әртісі» атағы беріледі. Жалпы биыл ел бойынша 120 мәдениет және өнер қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болады.
