Не болды?
Ұлыбритания әлемдегі жанармай дағдарысынан кейін Ресейге салған санкциясының бір бөлігін жеңілдетті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
The Guardian басылымының мәліметінше, бұл дағдарыс АҚШ пен Израилдің Иранға қарсы әрекетінен кейін күшейген. Ұлыбритания Ресейге қатысты санкцияны азайтқан алғашқы батыс мемлекеті болып отыр.
Жаңа шешім бойынша, Ресей мұнайынан өндірілген дизель отыны мен авиация керосинін импорттауға рұқсат бар. Ресейдің «Сахалин-2» және «Ямал СТГ газ жобасына қатысты да кей шектеу жойылды. Енді британ компаниялары Ресейден дамушы елдерге сұйытылған газ жеткізіп, несие беріп және өнімді теңізбен тасымалдай алады. Бұл лицензия үш айға жарамды, кейін қайта қаралады.
Бұл шешім Ұлыбританияда да, Украинада да сынға ұшырады. Оппозиция өкілдері үкіметті Ресей мұнайына қатысты санкцияны жасырын әлсіретті деп айыптады. Украина шенеуніктері мұндай қадам Мәскеуге соғысты қаржыландыруға қосымша мүмкіндік береді деп есептейді.
Ұлыбританияның сауда министрінің орынбасары Крис Брайант үкімет бұл шешімді дұрыс түсіндірмегенін мойындап, кешірім сұрады.
Контекст
Естеріңізге салайық, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысынан кейін энергетика нарығында тұрақсыздық күшейді. Сарапшылар Таяу Шығыстағы шиеленістен мұнай өндірісіне қауіп төніп, жанармай қымбаттағанын айтты. Салдарынан Еуропа елдері мен Батыс нарығында дизель отыны мен авиация керосині тапшы.

