Әнші Димаш Құдайберген БҰҰ жанындағы Халықаралық көші-қон ұйымының ізгі ниет елшісі ретінде Бангладешке барды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әншінің ресми сайтының мәліметінше, Димаш гуманитарлық миссиямен Кокс-Базар өңіріне барған. Бұл аймақ мәжбүрлі түрде қоныс аударған адамдар ең көп шоғырланған орындардың бірі.
Қазіргі уақытта мұнда жүздеген мың адам тұрып жатыр. Олар баспана, медициналық көмек, білім беру және әлеуметтік қолдау секілді тұрақты гуманитарлық көмекке мұқтаж.
Димаш Құдайберген бірнеше кездесу өткізіп, гуманитарлық нысандарды аралайды. Сонымен қатар ол Халықаралық көші-қон ұйымының жергілікті жобаларымен танысып, осал топтарды қолдау мен өңірдің тұрақты дамуы мәселесіне назар аударуға атсалысады, — делінген әншінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген 2024 жылғы ақпан айында Халықаралық көші-қон ұйымының тоғыз ізгі ниет елшісінің бірі атанған болатын.

