Жазда демалуға баратындар қатары көбейеді. Қауіпсіз әрі жайлы сапарға аттану үшін турды сенімді туристік агенттіктен сатып алу қажет. Дегенмен жұрттың басым бөлігі тур сатып аларда туристік агенттіктің тек Іnstagram парақшасына мән беріп, ресми құжатын мұқият тексермейді.
Baribar.kz тур сатып аларда қандай құжаттарды тексеру керек екенін анықтап көрді.
Турдың заңды екеніне көз жеткізіңіз
Туризм және спорт министрлігі туризм бағытындағы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді. Тур сатып аларда турагенттен тур сатуға заңды рұқсаты бар екенін және туристің құқығын қорғайтын құжатты сұрап, мұқият тексерген жөн. Алдымен турагент қызметі басталғаны туралы хабарламаға көз жеткізу қажет.
Турагент ресми қызмет көрсететінін қалай анықтауға болады?
Турагент компаниясы мемлекеттік электрон тізімге енуі керек. Бұл туристік агенттіктің ресми түрде қызмет көрсететінін растайды. Қызмет көрсету туралы шартқа қол қою үшін бірнеше мәліметті тексерген жөн.
Турагент құжатқа:
- баратын ел мен сапар мерзімін;
- турдың толық құны мен төлем тәртібін;
- турдан бас тарту талаптарын;
- екі тараптың жауапкершілігін;
- қаражатты қайтару шарттарын нақты жазуға тиіс.
Тек ресми төлем жасауы керек
Қаржы құжатына ерекше назар аудару қажет. Төлем жасағаннан кейін міндетті түрде фискалды түбіртек алыңыз. Қаражатты сату менеджерінің жеке шотына аудармаған дұрыс. Тек ресми төлем жасаңыз. Содан соң турагент туриске сапарға қажет құжаттарды ұсынуға міндетті.
Турагент туриске:
- қонақ үй;
- тамақтану;
- трансфер туралы мәлімет көрсетілген ваучер;
- әуе билеттері немесе маршрут түбіртектері;
- сақтандыру полисі мен туристердің құқығын қорғау үшін туркод береді.
Туризм және спорт министрлігі сапар кезінде төтенше жағдайға тап болған туристерге «Туриске қамқор» жедел желісіне дереу хабарласу керек екенін ескертті. Жедел желі нөмірі: +7 700 112 2 112.
***
Тағы оқыңыз:

