Қазақстанның Sen Sulu косметика бренді Ресей блогері әрі әнші Валя Карнавал түскен жарнама видеосын жариялады. Блогер Антон Суровкиннің айтуы бойынша, былтыр Валя Карнавал түсірілім алаңынан барлық қазақты шеттетуге бұйрық берген. Әлеуметтік желіде жұрт Sen Sulu брендіне орыс тілін алға қойғаны үшін және жарнамаға түскен адам қазаққа көзқарасы қарсы болғандықтан бойкот жасап жатыр.
Baribar.kz косметика брендіне қатысты пікірлерді тізіп шықты.
«Карнавалдан мың есе сұлу қазақ қыздары жетерлік»
Журналист, жүргізуші Диана Сқатованың сөзіне қарағанда, Ресейдің блогерінен мың есе сұлу, табиғи әдемі қазақ қыздары жетерлік.
Өзім Sen Sulu брендін қолданамын әрі қолдаймын. Себебі негізін қалаушы Айнұр ханым нағыз self made тұлға. Қателік болды, қатемен жұмыс та болатын шығар. Әйтпесе өнімдері расымен сапалы, қолжетімді, — деп жазды Диана Сқатова.
«Көрші елдің миллиондаған жазылушысынан пайда жоқ»
Коуч, кәсіпкер әрі бизнес-ментор Роза Әшірбаеваның пікірінше, бизнес иесі маркетиң агенттігін жалдағанда, олар таңдаған әйгілі адамның кім екенін жіті тексермесе, бизнеске үлкен нұқсан келеді. Жаңа нарыққа шығамын деп өз нарығың жоғалтып алу қаупі бар.
SenSulu компаниясының тұтынушылары — қазақша сөйлейтін қыз-келіншектер. Олар Валя Карнавалды және оның қазаққа қарым-қатынасын білмейді. Жарнамалық науқан да ол қыздың кім екенін танып тұрған жоқ. Алайда бизнес иесі олар таңдаған әйгілі адам кім екенін жіті тексермесе, бизнеске нұқсан келеді, — дейді Роза Әшірбаева.
Роза Әшірбаева әлеуметтік желіде тұтынушылармен тұрақты байланыс орнатқан Қазақстанның брендтеріне ескерту жасады.
Instagram (Facebook, Threads) арқылы тұтынушылармен тұрақты байланыс орнатқан Қазақстанның брендтері, мынаны есте сақтаңыздар, Ресей нарығына шыққыңыз келсе, міндетті түрде VK, Max және Odnoklassniki қолданбаларында парақша болуы керек. Себебі көрші елдің жарнама туралы заңы бойынша, олардың инфлюенсерлері Meta-ға тиесілі, экстремистік бағытта тауар мен қызметті жарнамалай алмайды. Қазір олардың миллиондаған жазылушысынан пайда жоқ, — дейді бизнес-ментор.
Sen Sulu бәрінің көзін ашты!
Рилс маманы Гүлнұрдың айтуынша, «бизнес парақшаны орысша жүргізсем, керемет көрінемін» деп ойлайтын бизнес иелері көп.
Қазақтың жерінде отырсың, өніміңді қазақ халқына ұсынасың, сенің тұтынушың — қазақ, — дейді ол.
Гүлнұр қазақ тілі үшін бойкот болып жатқан тұста бренд маркетологтарының орысша сөз бастағанын баса айтты.
Sen Sulu-да қазақ тілі үшін БОЙКОТ болып жатса, «Я маркетолог Sen Sulu» деп орысша шыққаны қалай? — деп жазды ол.
Бренд маркетологы орыс тілінде мәлімдеме жасады
Sen Sulu брендінің маркетологы Бақытгүл Қазбекова орыс тілінде мәлімдеме жасады. Маркетологтың сөзіне қарағанда, Валя Карнавал брендтің ресми өкілі емес.
Алдымен Sen Sulu Қазақстанда құрылып, шетел нарығына да шығып жатқан косметика бренді екенін айтқым келеді. Жуырда болған серіктестікке қатысты жағдайды нақтылайық. Валя Карнавал Sen Sulu брендінің ресми өкілі емес. Валя түскен жарнама видеосы брендтің жаңа нарыққа шығып, аудиториямызды кеңейтуге бағытталған. Біздің ниетімізді түсініп, қолдап жүрген жандарға алғыс айтамыз, — дейді Бақытгүл Қазбекова.
Журналист Ләйлә Сұлтанқызының пікірінше, бренд басшысы жұрттың ренішін қабылдап, жағдайды қазақ тілінде түсіндіруі керек.
Наразы пікір 5-10%-дан асса, имижге нұқсан келтіріп қана қоймай, сатылымға да кері әсер ететінін түсіну керек. Осы жағдайды тиімді пайдаланып кететін отандық және шетелдік брендтер де көбейеді. Басшы блогерлермен жұмысты реттеп, елдің ренішін тезірек қабылдап, жағдайды қазақ тілінде түсіндірсе, өздеріне жақсы болар еді, — дейді Ләйлә Сұлтанқызы.

