Бүгін Атырауда төрт адамның өліміне қатысты атышулы іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы тергеу нұсқасына сәйкес басты күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке тағылған айыптарды жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, сот залында прокурор күдіктінің әйелінің туысы Мейрамгүл Қарабалинаны қалай өлтіргені туралы тергеу деректерін келтірді.
Айыптау нұсқасы бойынша, Сұлтан Сәрсемәлиев азық-түлік сатып алып үйіне келген сәтте, үйде әйелі Ақбаян, кәмелетке толмаған баласы және әйелінің әпкесі Мейрамгүл Қарабалина болған. Үй ішіндегі жағдай мен азық-түліктің жетіспеушілігіне байланысты жанжал туындаған.
Тергеу мәліметінше, жанжал барысында күдікті Мейрамгүл Қарабалинаны пышақтап өлтірген. Кейін қылмыс іздерін жасырып, мәйітті жасыруға әрекет жасаған.
Сонымен қатар іс материалдарында күдіктінің марқұмның ұялы телефоны мен жеке заттарын ұрлағаны туралы эпизод бар.
Айта кетейік, бұған дейін прокурор күдіктінің әйелінің інісі мен оның ата-анасын қалай өлтіргенін баяндаған болатын.
Еске салайық, 2025 жылғы қараша айында Атырау облысында төрт адамнан тұратын отбасы жоғалып кеткен. 2026 жылғы қаңтарда отағасы мен оның әйелінің денесі өз үйлеріндегі сарайдан табылған болатын. Ал олардың екі ересек баласын іздеу жұмыстары осы уақытқа дейін жалғасқан. Ақпан айында отбасының күйеу баласы мен қызы Индонезияда ұсталды.
