Павлодардағы алюминий зауытында екі жұмысшы өндірістік жарақат алды. Оқиғадан кейін зардап шеккендер ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Кәсіпорынның баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 16 мамыр күні сағат 23:10 шамасында болған. №3 пештің кептіру аймағын тазалау кезінде жиналып қалған материалдың бір бөлігі опырылып құлаған. Сол сәтте аумақта диірмен машинисі мен агломерация цехының агломератшысы болған.
Зардап шеккендерге оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін облыстық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер диірмен машинисінің оң жіліншігі сынғанын анықтап, оны ауруханаға жатқызды. Қазіргі таңда оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып жатыр.
Ал екінші жұмысшының оң жіліншігі көгерген. Дәрігерлер сыну дерегін және еңбекке жарамсыздық белгілерін анықтамаған. Тексерістен кейін ол амбулаториялық ем қабылдауға жіберілген.
Кәсіпорын өкілдері зауыт аумағында апат болмағанын мәлімдеді.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласына жауапты уәкілетті орган қызметкерлері Павлодар алюминий зауытының аумағына барып тексеру жүргізді. Қорытынды бойынша қауіпті өндірістік нысанда апат белгілері анықталған жоқ, – делінген хабарламада.
Ал Павлодар облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын мәлімдеді. Ведомство жұмысшылардың жарақат алу дерегіне қатысты шешім кейінірек қабылданатынын хабарлады.

