Еске сала кетсек, оқиға өткен жексенбі күні орын алды. 112 құтқару қызметіне Екібастұз қаласы Энтузиастар көшесіндегі көпқабатты үйдің төртінші қабатынан секіріп кетпекші болған азаматша туралы хабар түскен. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнына дереу жеткен капитан Аман Әубәкіров қызметтік парызын атқарды. Ол қабаттағы ортақ балкон арқылы пәтерге кіріп, есігін ашқан.
— Үйге кірген бойда «Құтқарыңдар!» деген әйел дауысын естідім. Азаматша балконда отырды. Оны қорқытпау үшін ақырындап жақындап, бері қарай шығарып алдым. Кейін дәрігерлер келіп, медициналық көмек көрсетті, — дейді полицей. Облыстық ІІД-нің өкілдері тәртіп сақшысының бұл ерлігі ынталандыру мен марапатқа лайық екенін алға тартуда. — Екібастұз қалалық ІІБ Павлодар облыстық ІІД бастығының атына полиция капитаны Аман Әубәкіровті ынталандыру жөнінде хат жолдады, — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.