Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Соғыста Украинада партизан болған қазақ қызы 

Фото: Жасанды интеллект
Кейінгі кезде жұрт Тахауи Ақтановтың «Шырағың сөнбесін» кітабын қайта оқып жүр. Бұл — соғыс кезінде соноу Батыс Беларусьта қалып қойған қазақ келіншек туралы шығарма. Кітаптағы оқиға ойдан шығарылмаған. Бас кейіпкер Нәзираның прототипі — Ақмоланың тумасы Күлжан Тәжиева, Қасымбектікі — Жұмағали Жетпісов, ал олардың ұлы Дулаттың прототипі — Мағжан Жетпісов.
Мағжан Жетпісов өмір бойы Астана маңындағы Қосшы қаласында тұрған. Алайда 16 жыл бұрын дүниеден өтіп кеткен. Baribar.kz тілшісі Қосшыға барып, Дулат-Мағжан Жетпісовтің жұбайы, Нәзира-Күлжан Тәжиеваның келіні Майра Сағадиқызынан сұхбат алып қайтты.

Партизан қыз туралы кітап

Әуелі «Шырағың сөнбесін» романы туралы аз-кем айтып берейік. Бұл — жазушы Тахауи Ақтановтың Екінші дүниежүзілік соғыста Батыс Беларусьта партизан болған Нәзира туралы шығарма. Нәзираның жолдасы Қасымбек әскери қызметкер еді, командир болатын. Алайда ойда жоқта фашистер шекараны бұзып өткенде, жолдасынан көз жазып қалады. Нәзираның құрсағында үш айлық баласы да бар. Нәзира кейін партизандар отрядына қосылады.

Партизан қыз, Шырағың сөнбесін, соғыс
Күлжан Тәжиева, жолдасы Жұмағали Жетпісов және ұлы Мағжан. Фотоны Майра Сағадиқызы ұсынды

Өмірде соноу Батыс Украинада бес жыл партизан болған Нәзираның прототипі — соғыс басталғанда 23 жаста болған Күлжан Тәжиева. Бір айта кететіні, бұл кісі біздің (мақала авторының) — арғы әжеміз. Өмірде Жұмағали ата (Қасымбек) әуелі із-түссіз кеткендер тізімінде болып, кейін Күлжан апамызға (Нәзира) атаның ерлікпен қаза тапқанын растайтын хат келген.

Күлжан Тәжиева бұрымы тобығына жететін сұлу қыз болыпты. 1936 жылы Алматыда стенография оқуын оқып жүргенде оны әйгілі биші Шара Жиенқұлова байқап қалады. Сөйтіп, Күлжан апаны 1936 жылы 17-26 мамыр аралығында Мәскеудегі Қазақ мәдениетінің онкүндігіне алып кеткен. Сол кезде Күлжан Тәжиева Қызыл алаңда атқа мініп, қазақша би билеген.

Күлжан Тәжиева жау тылында қалай аман қалған?

Майра Сағадиқызы — Күлжан әженің келіні. Қазір 80 жаста. Енесі соғыс жылдарын жылап отырып еске алған екен.

Күлжан апамыз (Нәзира) Ақмола облысындағы Борлыкөл ауылында туып, өскен. Жұмағали атамыз (Қасымбек) Солтүстік Қазақстан облысындағы Орталық ауылынан. Күлжан апамыз бүкіл соғыс уағында жау қоршауында қалып қойып, партизан болған. Соғыс басталғанда сәбиі Мағжан (Дулат) тоғыз айлық еді. Жұмағали атамыз (Қасымбек) баласының атын әйгілі Мағжан Жұмабаевтың құрметіне Мағжан деп қойған, — дейді Майра апа.

Апамыздың айтуынша, Күлжан Тәжиева әйгілі кеңес барлаушысы Николай Кузнецовтың отрядында болған. Ол отрядқа қосылғанша Мағжанын қойнына тығып, украин халқының үйіне тығылған екен. Бір үйде бір-екі ай тығылып жатса, одан кейін басқа үйдің шаңырағын паналап жүріпті.

Майра Сағадиқызы, Шырағың сөнбесін
Майра Сағадиқызы. Фото: Таңшолпан Бегалықызы/Baribar.kz

Енем өте сұлу болған әрі пошымы жергілікті халықтан өзге екені тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұрады. Сонда үй-үйде партизан бар-жоғын тексеріп жүретін немістер әжемізді Германияға әкетпекші болыпты. Өзі сұлу, өзі азиат, Еуропаға апарып, үй жинаушы немесе аспаз сияқты жұмыс істетіп қоймақшы ғой. Сонда жергілікті халық енеме өздерінің ұлттық киімін кигізіп қойып, «бұл мылқау, е сөйлемейді, е естімейді, өзіміздің украин, тек өңі басқашалау» деп қорғап қалады екен, — деп еске алады Майра апа.

Немістер сұлу азиатқа тыныштық бермей, сұрастыра берген. Күлжан апа Совет офицерінің әйелі екенін білсе, жанын қалдырмайтыны анық. Содан Күлжан апаның Мәрия деген чех құрбысы оны партизандар отрядына қосып жіберіпті. «Шырағың сөнбесіндегі» Светаның прототипі осы Мәрия деуге болады. Алайда Светаның бар әрекеті Мәриядан түгел көшірілмеген.

Күлжан апа ісмер болыпты әрі емші де екен. Алдына сәбиі Мағжанды байлап алып, арқасына Зингер деген тігін машинасын арқалап жүріпті. Жұртқа киім тігіп, оны талғажау болатын тамаққа айырбастап, жан сақтапты. Кейін партизандар отрядына өткен соң да партизандарға күпәйке тігіп, жараланғанын орманнан емдік шөп теріп әкеп, емдеген. Күлжан Тәжиеваның партизан ретіндегі жеңіске қосқан үлесі осындай зор болыпты.

Партизан қызды пойызға салып жіберген қазақ солдат кім еді?

Қасымбек кітапта командир болса, Жұмағали өмірде партия жетекшісі еді. Ол да — әскери адам. Олар соғыс болатынын алдын ала сезген. Алайда әйелі мен баласын елге қайтармаған.

Майра Сағадиқызы
Майра Сағадиқызы. Фото: Таңшолпан Бегалықызы/Baribar.kz

Әйел-баласын елге қайтарып жіберуіне болушы еді. Алайда әскери адамдардың отбасы елге қайтып жатса, халық бір жамандықты сезіп, дүрлігіп кетеді. Сонымен Жұмағали атамыз соғыстың сыбысын білсе де, не де болса, көппен бірге көреді деп, Күлжан ата мен Мағжанды алдын ала қайтармаған. Ал соғыс басталған күні өзі операцияға шығып бара жатып, әйелі мен баласын өзінің жерлесі Тоқжұман Рақышев деген солдатқа аманаттап кеткен, — дейді Майра әже.

Тоғжұман Рақышев
Тоғжұман Рақышев. Фотоны балалары ұсынды

Тоқжұман Күлжан апа мен баласы Мағжанды вокзалға апарып, эшелонға мінгізіп жібереді. Алайда вокзалды да, пойызды да немістердің ұшағы бомбалап тастайды. Тоқжұман әскери бөліміне келе жатып, осы қырғынды көріп, «Шіркін-ай, сол келіншек тірі қалар ма екен?! Бастығымның аманатын орындай алмадым-ау» деп күйзеліпті. Бұл ойдан соғыстан аман қайтып, қартайғанша арылмапты.

Тоқжұман Рақышев 70-жылдары сол кездегі «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары» — ред.) газетіне шыққан мақаланы оқиды. Онда Күлжан Тәжиева деген кісі сәбиімен соғыста болғанын, ендігі Қосшы қаласында аман-есен тұрып жатқаны жазылған еді. Сөйтіп, бұл кісі баяғы өзі пойызға салып жібереген басшысының әйелі екенін түсінеді, — дейді Майра әже.

Бір қызығы, Тоқжұман атаның ұлы мен офицер Жұмағалидің ұлы Мағжан көрші әрі жақын жолдас болып шығады. Тоқжұман Рақышев мұны біліп, Мағжанды алдыртады.

Тоқжұман ата Мағжанды көріп, «Сол Жұмағалидің баласысың ба?» деп сұрайды. Ол солай екенін айтқан соң, «Шешең тірі ме?» дейді. «Иә, аман-есен» деген жауап алған соң, Күлжан Тәжиеваны үйіне қонаққа шақырады. Күлжан мен Тоқжұман кездесіп, 40 жыл көрмеген туысын көргендей қуанып, екеуі әбден жылапты.

Күлжан апаны соғыста ағасы тауып алған

1945 жылы Күлжанның ағасы Мүсілім Тәжиева Мәскеуді азат еткендермен бірге енді Украинаны азат етуге барған. Сонда командирінен бір түнге сұранып, соғысқа дейін осы жерде тұрған қарындасын іздейді. «Бір азиат қызы бар еді, соны көрген адам бар ма?» деп іздеп кеткен.

Соғыс уағы ғой. Мүсілімді командирі бір түнге ғана босатыпты. Сонда ол кісі ауылдағы әр үйдің есігін қағып, қарындасы Күлжанды іздеп шыққан. Бір кезде тағы бір үйдің терезесін тықылдатады. Ешкім ашпайды. Тықылдатып қоймаған соң, Күлжан апамыз терезеден сығалап қараса, сыртта ағасы Мүсілім тұр екен. Апамыз тұрған жерінде «Келді!» деген бір ауыз сөз айтып, есінен танып қалыпты, — дейді Майра әже.

Содан Мүсілім қарындасы мен жиенін алып, Мәскеуге пойызға салып жіберіпті. Ол уақта фашистердің тылында қалғандарды қатты тексеретін. Мүсілім Тәжиев ортаға түсіп жүріп, қарындасын елге қайтарған екен.

Күлжан Тәжиева Мәскеуге жеткен соң, жолдасы Жұмағалив Жетпісовті іздеп, органдарға хат жолдайды. Әуелгі жауапта Жұмағали ата із-түссіз жоғалғандар тізімінде екені жазылған. Одан кейін тағы бір хат келіп, «Жұмағали Жетпісов соғыста ерлікпен қаза тапты» деген жауап алады.

Тахауи Ақтанов кітабының кейіпкерімен қалай кездескен?

Тахауи Ақтанов «Шырағың сөнбесін» деген кітапты Күлжан Тәжиевадан сұхбат алып отырып жазбаған. Тіпті, Нәзираның прототипі тірі екенін де білмеген. Кітаптағы кейіпкерлердің оқиғасын жұрт аузынан естіген. Алайда кейін Күлжан апа «Шырағың сөнбесіндегі» баяндалған оқиғалардың қылдай өтірігі жоқ» деп айтқан. Кітаптағы Қамқа әжесі — Күлжан апаның өз шешесі Бәтима мен жеңгесі Дәмегейдің прототипі.

Кітап шығып кетіп, жұрт таласып оқып жүргенде Тахауи Ақтанов сол кездегі «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары» — ред.) газетіне шыққан мақаланы оқиды. Онда Күлжан апа мен баласы Мағжанның соғыстан аман-есен оралғанын оқып, кітабының кейіпкері Нәзираны табады. Сөйтіп, Күлжан апа мен жолдасы Шәймерден атаны Алматыға қонақ қылып шақырған екен.

Тахауи Ақтанов, Күлжан Тәжиева, "Шырағың сөнбесін"
Тахауи Ақтанов пен Күлжан Тәжиева. Фото: Думан Шахмановтың FB парақшасы.

 

Күлжан Тәжиева
Күлжан Тәжиева 1-суретте екінші отыр, 2-суретте брінші отыр. Фото: Думан Шахмановтың FB парақшасы.

«Коммунизм нұрындағы» сол мақаланы кейін газеттің бас редакторы болған Октябрь Әлібеков жазған еді. Күлжан апа — Октябрь атаның жеңгесі. Октябрь атаның жары Рақия апа да журналист болған.

Сол кездегі Целиноградқа көшіп келгенде Күлжан жеңгейді онша біле қоймайтынмын. Өзі осында тұратын ауылдастардан сұрастырып жүріп, бізді тауып алыпты. Жалпы, қолына бір шоқ гүлі мен бір қорап кәмпитін алып, бізді жиі іздеп келіп тұратын. «Әй, иттер-ай, өздерің іздемейсіңдер ғой тегі» деп бір кейіп алатын (күліп). Өте бауырмал, ақжарқын, ешкімді бөліп-жармайтын кісі еді. Өзін іздеп барған адамға қалтасындағы соңғы тиынын беріп, көмектесетін. Тұңғышы Мағжан үйленгенде Октябрь атаң екеуімізге «тойдың басы-қасында болыңдар» деп қолқа салды. Жеңгеміз жүктеген міндетін ойдағыдай атқарып шықтық, — дейді Рақия апа.

Рақия
Рақия апа. Фото: Таңшолпан Бегалықызы/Baribar.kz

Партизан қыздың ұрпағы қазір қайда тұрады?

Күлжан Тәжиева 1945 жылы тұңғышы Мағжанмен елге аман-есен оралады. Келе сала өзі оқыған стенографист мамандығы бойынша жұмыс істеп, 1949 жылы өзінен бір жас үлкен Шәймерден Шахмановпен отау құрған. Екеуінен бес ұл, бір қыз дүниеге келген: Ғалиақпар, Мұрат, Мұхтар, Амантай, Дәулет және кенжесі Жанар. Қазір Күлжан апа мен Шәймерден атадан туған балалар үбірлі-шүбірлі болып, Астана мен Алматы қалаларында тұрып жатыр. Күлжан Тәжиева 1991 жылы дүниеден өткен.

Мағжан Жетпісов, Шырағың сөнбесін
Мағжан Жетпісов. Фотоны Майра Сағадиқызы ұсынды

Ал Мағжан Жетпісов Қосшыдағы жоғары оқу орнында оқытушы болып істеп, 2010 жылы дүниеден өткен. Майра апа екеуінің Дәулет (шын аты — Бағдәулет), Шынар және Арыстан деген ұл-қызы бар.

***

Тағы оқыңыз:

Әлияның соңғы сөзі. Баспасөз жарты ғасыр бұрын Жеңіс күнінде не жазды?