Алматы халықаралық әуежайы аумағында ірі көлемдегі есірткі контрабандасының жолы кесілді. Бәңкоң – Алматы рейсімен келген 20 жастағы шетел азаматы ұсталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Операция ҚР ҰҚК кекара қызметі мен полицияның бірлескен жұмысы нәтижесінде жүргізілді.
Жеке тексеру барысында жолаушыдан жалпы салмағы шамамен 11 келі болатын гашиш майы салынған 12 пластикалық ыдыс тәркіленген. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 286-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап мүлікті тәркілей отырып, 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейді, — делінген хабарламада.
Құзырлы органдардың мәліметінше, биыл жедел бөлімшелердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде елімізде есірткі контрабандасының 57 дерегі анықталған.
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Құқық қорғау органдары есірткі трафигі арналарының жолын кесу және трансұлттық қылмыстық топтарға қарсы күресті жалғастырады.
