Алматыда жол апатын азайту үшін мотопатрульдер іске қосылды

Алматы көшелеріне әкімшілік полицияның мотопатрульдері шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Алматы қалалық ПД мәліметінше, жаңа бөлімше жол-көлік жағдайына жедел әрекет ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және апат санын азайту мақсатында іске қосылған.

Мотопатрульдер әкімшілік полиция басқармасының мамандандырылған батальоны құрамына кіреді. Олар әсіресе көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде қызмет атқарып, жолдағы ахуалды бақылауды күшейтеді. Жаңа бөлімше құрамында 30 мотоцикл бар. Бұл патрульдердің мобильдігін арттырып, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына жедел ден қоюға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, мотопатрульдердің негізгі міндеті – жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Оның сөзіне қарағанда, мұндай патрульдер жол жағдайындағы өзгерістерге жедел әрекет етіп, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, жолдағы тәртіп пен мәдениетті арттыруға ықпал етеді.