Астанада қазақ қажыларға қойылатын талаптар мен жаңашылдықтар талқыланды. Қауіпсіздік пен тәртіп мәселелері басты назарда болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Астанада ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы тапсырмасымен 2026 жылғы қажылықты ұйымдастыруға арналған жиын өтті. Жиында биылғы қажылық сапарының басты мақсаты – отандастар үшін рухани мазмұны жоғары әрі ұйымдастыру жағынан мінсіз сапар өткізу екені атап өтілді. Қауіпсіздік пен тәртіп мәселелері басты назарда болды.
Жаңа талаптар қандай?
Қажылықты ұйымдастыруға рұқсат алған туроператорларға Қазақстан және Сауд Арабиясы тарапынан қойылатын талаптар түсіндірілді. Атап айтқанда, әрбір қажы елден тек ресми туркод арқылы шығуға тиіс. Бұл заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар Қазақстан квотасын пайдаланып, өзге ел азаматтарын қажылыққа апарғандарға заңды шаралар қолданылатыны ескертілді, — делінген хабарламада.
Қажылық сапарын тек мемлекеттік лицензиясы және ҚМДБ рұқсаты бар компаниялар ғана ұйымдастыра алады. Бұл қажылардың құлшылығын жүйелі әрі қауіпсіз жағдайда өткізуге мүмкіндік береді.
Qajy Guide қолданбасы іске қосылады
Жиында қажыларға арналған Qajy Guide мобайл қолданбасы таныстырылды. Бұл қосымша сапар барысында ақпараттық және техникалық қолдау көрсетуді жеңілдетеді. Сонымен қатар міндетті вакцинация мен денсаулық сақтау талаптарының орындалуы қатаң бақылауда болады.
Кездесу соңында туроператорлардың ұсыныстары тыңдалып, ұйымдастыру жұмыстарына енгізілетіні айтылды.
