Тасымалдаушыларға жаңа талап: көліктің 50%-ы өзінікі болуға тиіс

Қазақстанда халықаралық тасымалдарға рұқсат беру жүйесі жаңарады. Енді компаниялардың кемінде 50%-ы өзіне тиесілі жүк көліктерінен тұруға тиіс. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Көлік министрлігіне қарасты автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті салалық және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен халықаралық автомобиль тасымалдарына рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Жиында саладағы өзекті мәселелер талқыланып, әсіресе мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінен өтуге қатысты түйткілдерге назар аударылды. Сонымен қатар халықаралық тасымалдарға қатысу ережелеріне енгізілетін өзгерістер реттеушілік әсерге талдау аясында қаралды, — делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, нормативтік-құқықтық базаны жаңарту тасымалдау саласын заманауи талаптарға бейімдеп, қызметтің ашықтығын арттыруға бағытталған.

Негізгі өзгерістердің бірі – тасымалдаушыларға қатысты жаңа талап. Енді компаниялардың кемінде 50 пайызы өзіне тиесілі жүк көліктерінен тұруға тиіс. Бұдан бөлек, процестерді цифрландыру, рұқсаттарды есепке алу мен бөлу жүйесін жетілдіру көзделіп отыр. Бұл іс-шаралар рұқсат беру жүйесінің ашықтығын арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді деп күтіліп жатыр, — делінген хабарламада.

Кеңес қорытындысында қатысушылар ұсынылған реформаларды қолдап, оларды іске асыру барысында бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы тұрақты диалогтың маңыздылығын атап өтті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да