Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Интернеттегі қауіпті «қалжың»: ІІМ азаматтарға ескерту жасады

Фото: Ерқанат Аманкел
Ішкі істер министрлігі интернет пен мессенджерлерде терроризм актісі туралы жалған хабарламалардың жиілегенін мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Полиция мәліметінше, кей азаматтар жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпаратты «әзіл» ретінде таратады. Алайда мұндай әрекет заң бойынша ауыр қылмыс саналады.

ҚР қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл үшін айыппұлдан бастап, бас бостандығынан айыру жазасына дейінгі шаралар қарастырылған, — делінген хабарламада.

Мұндай жалған хабарламалардың салдары айтарлықтай ауыр:

  • халықты жаппай эвакуациялауға әкеледі;
  • мектептер, ауруханалар мен басқа да нысандардың жұмысын тоқтатады;
  • полиция, жедел жәрдем және өрт сөндіру қызметтерінің ресурстарын босқа жұмсауға мәжбүрлейді.

Министрлік қазіргі цифрлық технологиялар кез келген хабарламаның қайдан тарағанын тез анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондықтан анонимді қалу мүмкін емес.

Құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға шақырады:

  • тексерілмеген ақпаратты таратпау;
  • жасөспірімдерге мұндай әрекеттің салдарын түсіндіру;
  • күмәнді немесе қауіпті хабарлама алған жағдайда бірден полицияға хабарлау.