Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Шақырту қағазы, медкомиссия, кейінге қалдыру: Қазақстандағы әскерге шақыру туралы не білу керек?

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жыл сайын әскерге шақырту науқаны шақыртудан бастап медициналық тексеруден өтуге дейін бірнеше кезеңді қамтиды. Төменде шақырту қалай беріледі, мәртебені қалай тексеруге болады, кімдер кейінге қалдыра алады, егер сіз оқу оқысаңыз немесе шетелде жүрсеңіз не істеу керек сынды әрбір азамат білуге тиіс негізгі жайттар қарастырылған.

Шақырту қағазы қалай беріледі және оны алғаннан кейін не істеу керек?

Шақырту қағазы – азаматты жергілікті әскери басқару органына (әскери комиссариатқа) шақыру үшін берілетін ресми құжат. Қарапайым сөзбен айтқанда, әскерге шақыру осы ресми құжаттан басталады. Оны орындау — әрбіз азамат үшін міндетті, заңды талап.

Шақырту бірнеше жолмен жіберіледі. Қол қойдыру арқылы жеке беріледі. Жұмыс беруші немесе оқу орны арқылы жеткізіледі. eGov.kz порталының жеке кабинеті, eGov Mobile қосымшасы және SMS секілді цифрлық хабарламалар арқылы да жеткізіледі. Ол 2025 жылдан бастап заңды күшіне енді.

Құжатта келу күні, уақыты және мекенжайы көрсетіледі. Себепсіз келмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал түрлі сылтаумен қашу – қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Шақырту алғаннан кейін деректердің дұрыстығын тексеру қажет: аты-жөні, мекенжайы, келу күні және шақыру мақсаты (медициналық комиссия, деректерді нақтылау және т.б.). Алдын ала қажетті құжаттарды дайындаған жөн. Олардың қатарында жеке куәлік, тіркеу куәлігі (бар болса), білім туралы құжат немесе оқу орнынан анықтама, медициналық қорытынды, кейінге қалдыруға рұқсат беретін құжаттар бар.

Егер белгіленген уақытта келе алмаса, жергілікті әскери басқару органына (әскери комиссариатқа) алдын ала хабарлап, себебін құжатпен растау қажет. Аурып қалған жағдайда – медициналық анықтама, оқу немесе жұмысқа байланысты болса – растайтын құжат береді. Себеп міндетті түрде тіркелуге тиіс.

Шақырту қағазы азаматты бірден әскерге жіберу дегенді білдірмейді. Әдетте бұл деректерді нақтылау, медициналық тексеруден өту, жарамдылық санатын анықтау және кейінге қалдыру негізін тексеру үшін жүргізіледі.