Алматыда 2026 жылғы 17 сәуір күні Розыбакиев көшесінің бір бөлігінде түнгі уақытта жол қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Алатау жарық компаниясы» АҚ мәліметінше, сағат 00:00-ден 06:00-ге дейін Розыбакиев көшесі бойында, Жамбыл көшесі мен Шевченко көшесі аралығында автокөлік қозғалысы екі бағытта да шектеледі.
Шектеу ескі әуе электр желілерінің тіректерін бұзу жұмыстарына байланысты енгізіліп жатыр. Аталған инфрақұрылым 1951 жылы пайдалануға беріліп, 2017 жылы қолданыстағы электрмен жабдықтау жүйесінен шығарылған. Қазіргі уақытта желі пайдаланылмайды, — делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, бұзу жұмыстары қаланың эстетикалық келбетін жақсарту, көріктендіру деңгейін арттыру және ескірген инфрақұрылым элементтерін жою мақсатында жүргізіледі. Жұмыстар қауіпсіздік талаптары мен қолданыстағы нормативтерге сәйкес орындалады.
Қала тұрғындары мен қонақтарына жол қозғалысын алдын ала жоспарлап, уақытша шектеулерге түсіністікпен қарау ұсынылды.

