Абай облысында сотталғанға арналған сәлемдемеден Wi-Fi роутер табылды

Абай облысындағы жоғары қауіпсіздік колониясында сотталғанға арналған сәлемдемеден Wi-Fi роутер табылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мәліметінше, мекемеге келген пошта жөнелтілімдері рентген құрылғысы арқылы тексерілген.

Тексеру барысында күмән тудырған сәлемдеме анықталып, оны ашу кезінде құрылғының киімнің ішіне жасырылғаны белгілі болған. Нәтижесінде екі антеннасы бар Wi-Fi роутер табылып, бірден тәркіленді. Сәлемдеме ұрлық жасағаны үшін жаза өтеп жатқан 37 жастағы сотталғанға арналғаны анықталған, — делінген хабарламада.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай заңсыз әрекеттер заманауи бақылау құралдарының және қызметкерлердің үйлесімді жұмысының арқасында дер кезінде анықталып отыр.

Сонымен қатар тыйым салынған заттарды жеткізуге қатысты барлық фактіге құқықтық баға беріліп, кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да