Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов блогерлерге қатысты салықтық тексерулер жалғасып жатқанын айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оның айтуынша, тексеру басталғалы бері салық органдары 854 блогерге табысын төмендетіп көрсету фактілері бойынша 1 586 хабарлама жіберген. Жалпы анықталған сома 72 миллиард теңге болды.
Қазіргі таңда 622 блогер қосымша салық декларациясын тапсырып, өз табыстарын 18,3 миллиард теңгеге арттырған. Соның нәтижесінде олар бюджетке шамамен 1 миллиард теңге салық төлеген. Бұдан бөлек, тағы 600 миллион теңгеге жуық төлем міндеттелген. Тексеру іс-шаралары жалғасып жатыр. Егер анықталған сомалар ерікті түрде төленбесе және көлемі айтарлықтай болса, материалдар құқық қорғау органдарына жолданады немесе тиісті процессуалдық шешімдер қабылданады, – деді Ержан Біржанов үкіметтегі брифиңде.
Вице-министр салық құпиясына байланысты блогерлердің есімдері жарияланбайтынын атап өтті. Қазіргі уақытта жеті блогерге қатысты тексеру жалғасып жатыр. Оларға қосымша есептелген салық сомасы 10 миллион теңгеден асады.
Еске салайық, өткен жылы мемлекеттік кірістер комитеті блогерлердің табысты жаппай төмендетіп көрсету деректерін анықтаған. Ол кезде 594 адам табысын 53,3 миллиард теңгеге кем көрсеткен.

