Не болды?
Астанадағы №50 мектептің мұғалімі Айгүл Ержанова салмағы 13,5 тонна автобусты сүйреп, әлемдік рекорд орнатты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Айгүл Ержанованың бұл рекорды Астанадағы №1 автобус паркінде тіркелді. Ерекше іс-шараға GBR (Global Best Of Records) халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілі, БАҚ өкілдері және автопарк ұжымы қатысты.
Бұл Айгүл Ержанованың алғашқы рекорды емес. Былтыр ұстаз салмағы сегіз тоннаға жуық екі пикапты 57 метр қашықтыққа сүйреп, көпшілік назарына ілікті.
Рекордсменнің айтуынша, бұл бастаманың басты мақсаты – мектеп бітіруші түлектерді жігерлендіріп, арманына сенімді қадам жасауға ынталандыру.
Мамандардың мәліметінше, әлемде ауыр техниканы сүйреуден рекорд бұрын да тіркелген. Алайда 50 жастан асқан әйелдер арасында 13 тоннадан асатын салмақтағы автобусты сүйреу алғаш рет тіркелді.
Айгүл Ержанованың есімі әлемдік рекордтар тізіміне екінші мәрте енді. Бұған дейін рекодсмен Каирде өткен пауэрлифтиңтен ашық әлем чемпионатында екі алтын медаль жеңіп алған еді.

