Блогер Эльмира Төлегенова кінәсін мойындап, кешірім сұрады

Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Сот отырысы барысында айыпталушы Эльмира Төлегенова өз кінәсін ішінара мойындағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бастапқыда олар өз әрекеттерін қылмыстық емес, әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қарастыру керек деп есептеген.

Сол кезде заңсыз кәсіпкерлік қызмет әкімшілік сотта қаралып жатқан еді, әрі біздің ұстанымымыз мүлде басқа болды. Біз қылмыстық жауапкершілікке тартылмауымыз керек деп ойладық. Ол кезде ешқандай құжатқа қол қойған жоқпыз. Бірақ қазір заң бұзғанымызды түсінемін. Кінәмді мойындаймын. Бұл жағдай мен үшін өте ауыр, жауапкершілікті көтеруге дайынмын, – деді ол.

Сонымен қатар Эльмира Төлегенова өзіне тағылған айыптардың бір бөлігімен, нақты айтқанда ақшаны жылыстату бабы бойынша келіспейтінін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, бұл айыптың қандай негізде тағылғаны түсініксіз.

Сот барысында айыпталушы эмоцияға беріліп, көз жасына ерік берді және соттан кешірім сұрады. Қазіргі уақытта іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.

Еске салайық, қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) танымал блогер Ерболат Жанәбілов пен әйелі Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс қозғады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да