Шексіз емтихан тапсыруға болады. Жүргізуші куәлігін алу тәртібіндегі 7 өзгеріс қандай?

Не болды?

ҚР Премьер-министрінің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің қатысуымен жүргізуші куәлігін алу тәртібін жетілдіру бойынша кеңес өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, кеңесте ішкі істер министрлігінің көмегімен жүргізуші куәлігін алу тәртібіне қатысты жеті өзгеріс бекітілді.

Не өзгереді?

Бірінші өзгеріс: алдағы уақытта азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды ақылы негізде, емтихандар арасына кемі 10 күн салып, шексіз рет тапсыра алады.

Қазір азаматтар емтиханды үш рет тегін тапсыра алады: алғашқы екі рет — бір күн аралықпен, үшіншісі — 30 күннен кейін. Бұл мүмкіндік аяқталған соң автомектепте қайта оқу талап етілетін. Бұл талап азаматтарды жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға итермелейтін. Жаңа норма сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Екінші өзгеріс: Ұлттық тестілеу орталығының Астана қаласындағы филиалында пилот жоба шеңберінде академиялық адалдықты қамтамасыз ету технологиялары сынақтан өтеді. Кейін бұл технологияны жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсырудың бүкіл жүйесінде қолдану жоспарланып отыр.

Үшінші және төртінші өзгеріс: емтихан өткізу процесіне жасанды интеллект технологиялары енеді. Теориялық емтихан қабылдап жатқанда шынайылық (AR), ал практикалық емтиханды бақылағанжа компьютермен көру (Computer Vision) технологиясы қолданылады.

Бесінші өзгеріс: жүргізуші куәлігін алуға қатысты цифрлық шешімнің ақпараттық қауіпсіздігі барынша күшейеді.

Алтыншы өзгеріс: әкімшілік жауапкершілікке қатысты нормалар енеді. Емтихан тапсыру процесінде заң бұзылғаны (тыйым салынған құрылғы, микроқұлаққап, микрокамера, байланыс сигналын қабылдайтын және тарататын құрал қолдану) анықталса, жауапқа тартылады. Бұл азаматтарға да, жүргізуші куәлігін заңсыз алуға көмектесетіндерге де қатысты.

Жетінші өзгеріс: автомектеп қызметіне қойылатын талап күшейеді. Олардың жұмысын бағалау кезінде жүргізушілерді даярлау сапасы мен азаматтардың кері байланысы ескеріледі. Жүргізушілерді даярлау сапасы төмен болса, автомектеп лицензиядан айырылады.

Контекст

Естеріңізге салайық, бірқатар өңірде ХҚО қызметкерлері жүргізуші куәлігін сатқан еді.