Жалған айыппұл: елде жаңа интернет-алаяқтар пайда болды

Қазақстанда интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы тіркелді. Алаяқтар телефонға SMS жіберіп, әкімшілік айыппұл салынғаны туралы жалған ақпарат таратады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

ІІМ мәліметінше, алаяқтар мемлекеттік қызметтерге деген сенімді пайдаланып, азаматтардың жеке деректерін иемденуді көздейді. Олар ұялы телефондарға ресми байланыс орталығының нөміріне ұқсас нөмірден хабарлама жіберіп, әкімшілік айыппұл салынғаны туралы жалған ақпарат таратады.

Хабарламада айыппұлды тексеру немесе төлеу үшін сілтеме ұсынылады. Сырттай қарағанда ол eGov порталы сайтына ұқсайды. Алайда бұл — алаяқтар жасаған жалған ресурс. Ең қауіптісі — сайтқа кез келген ЖСН немесе көлік нөмірін енгізсеңіз де, жүйе автоматты түрде «айыппұл бар» деген жалған нәтиже көрсетеді. Бұл қолданушының сенімін арттыру үшін жасалған тәсіл. Одан кейін «төлеу» батырмасын басқанда, сайт банк картасының толық деректерін сұрайды. Бұл мәліметтер алаяқтардың қолына түссе, қаражат заңсыз шешіліп алынуы мүмкін, — делінген хабарламада.

7efb82eddf3b7fe9b207aa8c1a125cc7 Жалған айыппұл: елде жаңа интернет-алаяқтар пайда болды
Фото: Polisia.kz

Полиция мұндай алаяқтықтың басты белгісі — қате деректер енгізілгеннің өзінде «айыппұл бар» деген нәтиженің шығуы екенін атап өтті.

Ведомство азаматтарға келесі ережелерді сақтауды ұсынады:

  • күмәнді сілтемелерге өтпеу;
  • жеке және банк деректерін бөгде сайттарға енгізбеу;
  • белгісіз хабарламаларға сенбеу;
  • күдік туындаса, құқық қорғау органдарына жүгіну.

Сонымен қатар айыппұлдарды тек ресми платформалар арқылы тексеру қажет екені ескертілді.