Елде ипотекалық делдалдар атын жамылған алаяқтар көбейді

Елде ипотекалық брокер, кеңесші немесе өзін делдал ретінде таныстыратын күмәнді «көмекшілер» тарапынан алаяқтық жағдайлары жиіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қазақстанның орнықтылық қоры азаматтарды 7-20-25 бағдарламасы аясында әрекет ететін делдалдарға сақ болуға шақырды.

Қазіргі таңда бағдарламаға қатысушы банктердің басым бөлігі өтінім қабылдауды толық онлайн форматқа көшірген. Бұл жүйе ашықтықты қамтамасыз етіп, барлық азаматқа тең мүмкіндік береді. Өтінімдер автоматты түрде кезекке қойылады, сондықтан үшінші тұлғалардың бұл процеске араласуы техникалық тұрғыдан мүмкін емес, — делінген хабарламада.

Қор өкілдері алаяқтардың «кезекті жеделдету», «орын брондау» немесе «несиені кепілдендіріп беру» сияқты қызметтерді ұсынатынын, алайда мұның барлығы жалған екенін атап өтті. Бағдарламада ипотекаға өтінім беру тегін әрі делдалсыз жүзеге асады. Бұдан бөлек, қор азаматтарды мессенджерлер арқылы келетін күмәнді хабарламалардан сақ болуға шақырды.

Әсіресе WhatsApp арқылы жіберілген сілтемелерге өтпеу керек, себебі алаяқтар зиянды файлдар таратуы мүмкін. Қор қызметкерлері жеке тұлғалармен мессенджер арқылы байланысқа шықпайды. Күмәнді жағдайларға тап болған азаматтарға құқық қорғау органдарына жүгіну ұсынылады, — делінген хабарламада.