Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

«STOP бұзушылық»: Алматыға өңірлерден полиция күштері тартылды

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Алматыда 1–10 сәуір аралығында өтетін «STOP бұзушылық» жедел-профилактикалық іс-шарасының басталуына орай полицияның кешенді және қосымша күштерінің бірыңғай гарнизондық саптық жиыны өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Полиция мәліметінше, іс-шараға Астана қаласынан, Ақмола облысы, Қарағанды облысы және Жамбыл облысы өңірлерінен келген қосымша күштер тартылды. Күшейту іс-шаралары құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімдігін арттыруға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және мегаполистегі жол қозғалысы қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.

Жеке құрам алдында сөз сөйлеген Алматы қаласы полиция департаменті бастығы Айдын Кабдулдинов барлық бөлімшенің үйлесімді іс-қимылы мен заңдылықты қатаң сақтаудың маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, полицияның әрбір әрекеті заңды, ашық әрі кәсіби болуға тиіс. Негізгі міндет – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті сақтау.

Операция барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, арандатушылықтардың жолын кесу және қоғамдық тәртіпті бұзудың кез келген деректеріне жедел әрекет етуге ерекше назар аударылады. Гарнизондық саптық жиын тартылған барлық күштің үйлесімділігін қамтамасыз етуде, тәртіпті нығайтуда және күшейтілген қызмет жағдайында қойылған міндеттерді орындауға дайындықты арттыруда маңызды кезең болды, — делінген хабарламада.

«STOP бұзушылық» іс-шарасы криминогендік ахуалды тұрақтандыруға, жол қауіпсіздігін күшейтуге, құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге және қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған.