Алматыда 78 адамды кене шаққан. Жартысынан көбі — балалар

Не болды?

Алматыда наурыз айында 78 адамды кене шаққан. Жартысынан көбі — 14 жасқа толмаған балалар. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Алматы өңірлік коммуникация қызметінің мәліметіне қарағанда, бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда бір адамға аз екен. 1 сәуірге дейін Алматыда кене шаққанда жұғатын инфекция тіркелмеген.

Былтыр 2646 адамды кене шаққан

2025 жылы екпе алмағандардың арасында кене энцефалитін жұқтырған төрт адам мен кене боррелиозын жұқтырған екі адам тіркелген. Былтыр эпидемия маусымында 2646 адамды кене шағып, ем алған.

Қазір қалада 1719 адам екпе алды

Қазір қалада жалпы 1719 адам екпе алды. Медицина ұйымдарында кене энцефалитіне қарсы 1494 доза екпе бар. Эпидемиология департаменті қосымша 18 мың доза жеткізуді жоспарлап отыр.

Кене энцефалитінің алдын алудың тиімді жолы — екпе алу. Екпе аурудың асқыну қаупін төмендетеді, — деді санитариялық-эпидемиология бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.

Кенеге қарсы дәрілеу жұмысы

Кенеге қарсы дәрілеу жұмысы 21 сәуірге дейін жалғасады. Қалада 250,95 гектар аумақ, яғни, жоспардың 10,6%-ы дәріленді. Алатау, Алмалы мен Әуезов ауданында дәрілеу жұмысы толық аяқталған.

Биыл сегіз орман алқабын, 101 саябақ пен алаңқайға кенеге қарсы дәрі шашылады. Дәрілеу жұмысы Медеу, Бұтақты мен басқа да аумақтарды, жалпы 1468 гектардан астам жерді қамтиды.

Анықтама

Кене энцефалит – вирус пен инфекция әсерінен ми тінін қабындыратын қауіпті ауру.

Кене боррелиозы — кене шаққанда жұғатын бактериялы инфекция. Кененің бойындағы бактерия адам ағзасына еніп кетсе, дене қызу артып, бас ауруы асқынады.

Контекст

Естеріңізге салайық, 2024 жылы Алматыда 1 275 адамды кене шаққан.