Шымкентте мессенджер арқылы вейп сатқан тұрғын ұсталды

Шымкентте полиция қызметкерлері вейптерді заңсыз сатумен айналысқан ер адамның заңға қайшы әрекетінің жолын кесті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Профилактикалық іс-шаралар барысында күдіктінің вейп өнімдерін мессенджерлер арқылы жарнамалап, сатқаны белгілі болды. Онлайн жарнама оған тұтынушыларды тартуға және тауарды кеңінен таратуға мүмкіндік берген, — делінген полиция хабарламасында.

Тексеру барысында ер адамнан жалпы құны 3 миллион теңгеден асатын 332 электрон тұтыну жүйесі анықталып, тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция электрон тұтыну жүйелерінің заңсыз айналымы мен сатылуы құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында екенін ескертеді. Мұндай құқық бұзушылықтардың жолы заңнамаға сәйкес қатаң түрде кесіледі.