2026 жылғы әлемнің ең үздік 50 қаласы қандай?

Не болды?

Time Out пен Intrepid Travel «Әлемнің үздік қалалары» тізімін жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Басылымның мәліметіне қарағанда, қала — адамдарды бір жерге тоғыстыратын орын. Жыл сайын жасалатын бұл сараптама уақыт өткен сайын ауқымын кеңейтіп, түрлі тақырыптарды қамти бастапты. Мысалы, бұған дейін тек тағам мәдениеті, түнгі өмір, дүкен мен музей, саябақ пен адамдар, сол жерде өмір сүру қандай сезім сыйлайтыны сұралса, биылғы сұрақтар арасында махаббат, романтика, қоғам мен қауымдастықтар атмосферасы туралы сауалдар қосылған. 

Биылғы тізімге енген 50 қала әлемнің 150 қаласындағы 24 мыңнан астам адамның пікіріне сүйене отырып анықталды. Нәтижесінде 2026 жылы өмір сүруге де, саяхаттауға да ең қызықты қалалардың тізімі жасалды. Біз сол тізімдегі алғашқы 5 қала туралы ақпаратты ұсынып отырмыз.

1. Мельбурн

Аустралиядағы Виктория штатының астанасы Мельбурн – мәдениеті, спорты және гастрономиясы дамыған әлемдегі ең тартымды қалалардың бірі. Мұнда Australian Open, Formula 1 Australian Grand Prix, AFL Grand Final сияқты ірі спорттық жарыстар өтеді. Көше мәдениеті, тәуелсіз кинотеатр, шатырдағы бар, винил дүкендері мен ерекше галереялар Мельбурннің креативті атмосферасын қалыптастырады. Тарихи ғимарат, шағын көше, әйгілі бақ және жергілікті халық үшін мәдени маңызы зор Ярра өзені қаланың көркін арттырады. Қала тұрғындарының 94 пайызы тағам мәдениетін, 92 пайызы өнер мен мәдениет саласын жоғары бағалайды. Мельбурн жастар үшін өмір сүруге қолайлы қалалардың бірі.

2. Шанхай

Қытай қаласы Шанхай – тарих пен заманауи инновация үйлескен, қарқынды дамып жатқан мегаполис. Қалада қытай және отарлық дәуір архитектурасы заманауи мәдени жобалармен қатар өмір сүреді. Шанхай әлемдегі ең көп кофеханасы бар қалалардың бірі. Мұнда Азиядағы танымал барлардың жаңа филиалдары ашылып, гастрономиялық және коктейль мәдениеті қарқынды дамуда. Шанхайдың тағы бір артықшылығы арзан екенінде: тұрғындардың 88 пайызы мейрамханада тамақтану, 90 пайызы кофе ішу мен киноға бару, ал 78 пайызы қалада велосипедпен жүру арзан әлі қолайлы екенін айтқан.

3. Эдинбург

Шотландияның астанасы Эдинбург – табиғаты әсем, тарихы терең әрі мәдени өмірі қарқынды дамыған қала. Қала ежелгі қамалдың маңында орналасып, сөнген жанартаумен көмкерілген ерекше ландшафтымен, сакура гүлдеген саябақтарымен, грузин дәуірінің сәулетімен және ортағасырдан қалған тас көшелерімен танымал. Мұнда әртүрлі аудандар бар: тәуелсіз дүкендерімен белгілі Стокбридж, жайлы кофеханалары бар Морниңсайд, түнгі өмірі қызу Коугейт және жаңа мейрамханаларымен танылған Лейт. Қалада жаяу жүру өте ыңғайлы. Сауалнама нәтижесінде жергілікті тұрғындардың 94 пайызы қаланың тағам мәдениетін, 91 пайызы жасыл аймақтарын, 90 пайызы мәдени өмірін жоғары бағалаған. 91 пайызы күнделікті өмірден қуаныш табатынын айтқан.

4. Лондон

Англияның астанасы Лондон – әлемдегі қызықты мегаполистердің бірі. Қала мәдениетімен, тегін музейлері мен галереяларымен, сан түрлі мейрамханаларымен және әйгілі сыра мәдениетімен ерекшеленеді. Биыл Лондонда бірнеше жаңа музей ашылып, танымал мейрамханалар іске қосылып, әйгілі әртіс пен суретшілер театр сахнасы мен галереяларда өнер көрсетпек. Қалада жаз мезгілінде өтетін ірі фестивальдер көп. Сауалнама нәтижесінде тұрғындардың 99 пайызы қаланың өнер мен мәдениет саласын жоғары бағаласа, 96 пайызы мейрамханасын, 94 пайызы жасыл аймағын жоғары бағалаған. Time Out сарапшыларының дауыс беруі бойынша Лондон қазір Токиомен бірге әлемдегі ең үздік қалалардың бірі деп танылды.

5. Нию-Йорк

АҚШ қаласы Нию-Йорк – мәдениеті, энергиясы және мүмкіндігі шексіз әлемдегі ең ықпалды қалалардың бірі. Мұнда дәстүр мен жаңа трендтер үйлесіп, өнер, театр, қоғамдық жоба мен гастрономия саласы жоғары талаптарға сай екенімен  ерекшеленеді. Ол өз пиццасымен әлемге әйгілі. Қаладағы мәдени өмір әрдайым қарқынды. Қазір қалада көлік жүйесі де жаңарып жатыр: MetroCard орнына OMNY электронды төлем жүйесі енгізіліп, Пенсильвания станциясынан ең жылдам пойыздар жүре бастады. Сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 78 пайызы Нию-Йоркті әлемдегі ең қызықты қала деп санайды, 93 пайызы оның өнер мен мәдениет саласын, ал 91 пайызы мейрамханаларын жоғары бағалаған.

Әрі қарай тізімді жалғастыратын қалалар:

6. Кейптаун, Оңтүстік Африка;

7. Мехико, Мексика;

8. Бангкок, Таиланд;

9. Сеул, Оңтүстік Корея;

10. Токио, Жапония.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да