Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Айына 311 мың теңге зейнетақы алу үшін не істеу керек? БЖЗҚ түсіндірді

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қазақстандықтардың қандай жағдайда ай сайын 311 мың теңгеден астам зейнетақы ала алатынын есептеп көрсетті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мұндай төлемге қол жеткізу үшін азамат кемінде 40 жыл бойы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тұрақты қатысып, ай сайын жарна аударып отыруы қажет.

Қор мамандары 2026 жылғы бағамен есеп жүргізіп, жүйеге қатысу мерзіміне қарай төлем мөлшері қалай өзгеретінін көрсетті.

  • Егер адам жүйеге 20 жыл қатысса, зейнетке шыққанда оның жинағы 17,6 млн теңгеден асады, ал алғашқы жылы ай сайынғы төлем 95,8 мың теңге болады.

  • 30 жыл қатысқан жағдайда жинақ 34 млн теңгеге жетеді, ай сайынғы төлем шамамен 184,6 мың теңге болады.

  • Ал 40 жыл бойы жарна аударған адам зейнетке шыққанда 57,4 млн теңге жинай алады. Мұндай жағдайда ай сайынғы төлем 311 мың теңгеге жетеді.

Неліктен жарналарды тұрақты төлеу маңызды

БЖЗҚ мамандары зейнетақы мөлшеріне тек еңбек өтілі ғана емес, жарналардың қаншалықты тұрақты аударылатыны да әсер ететінін атап өтті.

Егер орташа жалақыдан жарналар жүйелі түрде түспесе, болашақтағы төлем мөлшері азаюы мүмкін.

Мысалы:

  • жылына 6 ай ғана жарна төленсе, БЖЗҚ төлемі мен мемлекеттік базалық зейнетақыны қосқанда алғашқы төлем 251,5 мың теңге болады;

  • 8 ай жарна төленсе – шамамен 318,5 мың теңге;

  • ал 12 ай тұрақты аударылса, төлем 452,3 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына жетпей тұрған үлесті болашақта жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары толықтыруы мүмкін.

Зейнетақы мөлшеріне тағы не әсер етеді?

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының 41,4%-ын инвестициялық табыс құрайды.

Қорда ақша неғұрлым ұзақ сақталса және жарналар тұрақты аударылса, инвестициялық табыс та соғұрлым көп болады. Әлемдік тәжірибеде оның үлесі 70–80%-ға дейін жетуі мүмкін.

Салымшылар жинақтарының табыстылығына әсер ету үшін қаражаттың бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға беруге де құқылы.

Сонымен қатар:

  • азаматтар ерікті зейнетақы жарналарын өздері немесе туыстары үшін аудара алады;

  • мұндай жарналар бойынша салықтық жеңілдіктер қарастырылған;

  • ерікті жарналардан төлемді 50 жастан бастап алуға мүмкіндік бар.

Ал зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге немесе емделуге пайдалану болашақтағы зейнетақы мөлшерінің азаюына әкелуі мүмкін. Сондықтан мамандар қаржыны алдын ала жоспарлап, БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасындағы «зейнетақы калькуляторын» пайдалануға кеңес береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *