Мазмұнға өту
Басты бет / Экономика /

Конституциялық реформа мен зайырлылық: сенім мен азаматтық жауапкершілік арасындағы теңгерім

Фото: Depositphotos.com

Конституциялық реформа- қоғамның тек құқықтық жүйесін жаңарту емес, оның құндылықтық бағдарын айқындау. Әсіресе зайырлылық қағидатының мазмұнын нақтылау бүгінгі жағдайда айрықша маңызға ие. Өйткені соңғы жылдары қоғамдық кеңістікте діни атрибуттардың — рәміздер мен риториканың сыртқы көрінісі айқын күшейгенімен, руханияттың ішкі мазмұны жиі көмескіленіп бара жатқаны байқалады.

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Басқару институтының доценті, Кәсіби даму институтының сарапшы-тренері Алтын Бақытжанова бұл үрдіс әсіресе жастар арасында анық сезіледі дейі. Дін кей жағдайда ішкі кемелдену мен парасатты ізденістің жолы ретінде емес, терең пайымдаусыз қабылданатын сыртқы белгілер мен догматикалық ұстанымдардың жиынтығы ретінде көрініс табуда. Нәтижесінде діни сәйкестік жеке тұлғалық және кәсіби қалыптасу үдерісін алмастырып, қоғаммен ашық диалог орнатудан гөрі белгілі бір қауымға немесе «шынайы» түсіндірмеге тиесілі болу басымдыққа ие болады.

«Мәселе діннің өзінде емес, шекаралардың жойылуында: сенім мен идеологияның, рухани ізденіс пен догмаларға фанаттық түрде ерудің, жеке діни ұстаным мен оны өзгелерге міндеттеудің арасындағы айырмашылықтың көмескіленуінде»,- екенін атап өтті маман.

Сарапшының пікірінше, сенім — адамның ішкі дүниесіне қатысты таңдау. Ал ол қоғамдық кеңістікте идеологиялық құралға айналғанда, ар-ождан бостандығы мен қоғамдық жауапкершілік арасындағы тепе-теңдік бұзылады. Әлеуметтік тәжірибе көрсеткендей, жастардың бір бөлігі үшін діни орта тұлғалық және кәсіби дамудың баламасы ретінде қабылданып отыр. Алайда бұл балама шынайы әлеуметтік капитал қалыптастырмайды. Қоғаммен және мемлекетпен сындарлы диалогты көздемейтін, тұйық логикаға негізделген ортада білім алу, еңбек ету, кәсіби жүзеге асу екінші кезекке ысырылуы мүмкін.

«Кейбір жағдайларда бұл әлеуметтік және құқықтық нормаларды екінші кезектегі, тіпті қарсы құбылыс ретінде қабылдайтын деструктивті ағымдарға тартылуға алып келеді», — дейді Алтын Бақытжанова.

Яғни мәселе тек құқықтық қайшылықта емес. Әңгіме — әлеуметтік оқшаулану қаупінде. Білім алудан, кәсіби жүзеге асудан, қоғамдық және еңбек ұжымдарына қатысудан бас тарту балама даму моделін қалыптастырмайды. Керісінше, «дұрыс жол» ұранымен бүркемеленген тұйық кеңістікке әкелуі ықтимал. Осы тұрғыда конституциялық реформалар аясында білім беру жүйесінің зайырлы сипатына ерекше мән берілуі заңды құбылыс. Зайырлылық — сенімді шектеу немесе жоққа шығару емес. Бұл — қоғамда ортақ азаматтық қағидаттарды сақтау, әр адамның еркін дамуына жағдай жасау тетігі. Алтын Бақытжанова бұл ұстанымды нақтылай келе:

«Зайырлылық — сенімді жоққа шығару емес, тұлғаның дамуы, білім, еңбек және азаматтық жауапкершілік сөзсіз құндылық болып қалатын кеңістікті сақтау», — деп атап өтеді.

Демек, конституциялық деңгейде бекітілген зайырлы қағидат — абстрактілі норма емес. Ол руханиятты идеологиямен алмастыруға жол бермейтін, ар-ождан бостандығын «жалғыз дұрыс» өмір салтына мәжбүрлеумен шатастырмайтын құқықтық әрі құндылықтық шекара. Бүгінгі реформа осы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған: сенім еркіндігін қамтамасыз ете отырып, білім мен заң үстемдігін, азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық келісімді басым құндылық ретінде орнықтыру.