Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Балаға әуелі қазақ тілін бірінші орынға қою керегін түсіндіру қажет — мұғалім

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Қазір патриот болу және қазақша сөйлеу сән. Осы ретте, өскелең ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беретін мұғалімнің еңбегі айрықша.
Baribar.kz тілшісі Алматы облысы, Қарасай ауданы, Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Динара Бопатаймен оқушылардың бойына патриотизмді дарытып, санасына сіңіру жайлы әңгімелесті.

«Мектепте Read X, Ted X форматтағы кездесу көп өтеді»

Динара Бопатайдың айтуынша, оқушылар шығарма мен кино кейіпкерлері арқылы елін-жерін сүю деген не екенін терең түсініп, өмірлік ұстанымын қалыптастырады.

Мектепте қазақтың рухани құндылығына негізделген іс-шараны көп ұйымдастырамыз. Әдеби кештер мен «Мені өзгерткен кітап» деген Read X (кітап талқы), «Ұлт рухы — ұрпаққа аманат», «Фильм және тағылым» деген Ted X форматтағы кездесулер өтеді. Мәселен, мектебімізде «Қайтадан» фильмінің түсірілім тобы қонақ болды, — дейді Динара Бопатай.

«Қайтадан» фильмінің түсірілім тобы мен мектеп ұжымы. Фото жеке архивінен ұсынылды

«Адам қай тілде сөйлесе, әлемді сол тілдің төңірегінде қабылдайды»

Тіл – ұлттық рух пен бірегейліктің тірегі. Тіл мәртебесі артса, елдің рухани тәуелсіздігі де тұғырлы болады. Динара Бопатайдың пікіріне қарағанда, адам қай тілде сөйлесе, әлемді сол тілдің төңірегінде қабылдап, сол тілде сөйлейтіндерді қолдайды.

Қазір мектеп қабырғасында білім алып отырған әр оқушы болашақта кәсіпкер, суретші, құрылысшы, дизайнер, ғалым немесе әнші, күйші болуы мүмкін. Сондықтан балаға қандай іспен айналыссаң да, алдымен қазақ тілін бірінші орынға қою керегін түсіндіріп, санасына сіңіру керек. Мысалы, ғылым немесе кәсіп тілі қазақша болса, қазақ тілінің мәрбесі артады, — дейді мұғалім.

Динара Бопатай. Фото жеке архивінен ұсынылды

Ақыл-ойы толысқан адам ерікті түрде сауатты жазады

Жастардың басым бөлігі мессенжерде, әлеуметтік желіде қате жазады. Бұл – қазір қоғамда көп кездесетін өзекті мәселе. Динара Бопатайдың сөзіне қарағанда, мұның басты себебі – оқушылардың жылдам жазуға бейімделуі мен орфографияға аса мән бермеуі.

Балаға тіл тек пән емес, ұлттық мәдениеттің айнасы екенін түсіндірген жөн. Әлеуметтік желіде қате жазба байқасақ, «сен қате жаздың» деп адамды агрессивті түрде сөгуге болмайды. Өйткені, сауатты жазу әркімнің қабылдау деңгейіне қарай қалыптасады. Демек, ақыл-ойы толысып, рухани болмысы қалыптасқан адам ерікті түрде сауатты жаза бастайды, — дейді Динара Бопатай.

***

Тағы оқыңыз:

Бизнестегі қазақ тілі. Кәсіпкерлер кәсібін қазақша жүргізуден не үшін қорқады?

Exit mobile version