FlyArystan әуекомпаниясы Ақтау — Дубай — Ақтау бағыты бойынша рейстерін Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдай мен өңірдегі шектеулерге байланысты уақытша тоқтатты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Компанияның мәліметінше, қолданыстағы халықаралық әуе тасымалы қағидалары бойынша, форс-мажор жағдайында тасымалдаушының міндеттемелері билет құнын қайтарумен немесе мүмкіндік болған жағдайда баламалы тасымалдауды ұсынумен шектеледі.
Компания жолаушыларға әрі қарайғы әрекеттерді үйлестіруге уақыт беру үшін оларды өз есебінен бір тәулікке тұру орнымен қамтамасыз етті. Әуе компаниясының жергілікті өкілдері жолаушылармен байланыста болып, ақпараттық қолдау көрсетіп жатыр. Қазіргі уақытта FlyArystan Біріккен Араб Әмірліктерінің құзыретті органдарынан рейсті орындауға рұқсат күтуде және Қазақстанның авиациялық билік органдарымен тұрақты байланыс орнатқан. Сонымен қатар өңірдегі авиациялық қауіпсіздік тәуекелдеріне дербес бағалау жүргізіліп жатыр. Барлық қажет рәсімдер келісіліп, қауіпсіздік тәуекелдері толық бағаланғаннан кейін жолаушыларды қайтарудың күні, уақыты және форматы туралы шешім қабылданады. Бұл жөнінде жолаушыларға брондау кезінде көрсетілген байланыс деректері арқылы хабарланады. Қайтару рейсіне отырғызудың міндетті шарты — FlyArystan әуекомпаниясының Дубай — Ақтау бағыты бойынша пайдаланылмаған билетінің болуы, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар 28 ақпан, 7 наурыз және 10 наурыз күнгі рейстердің жолаушыларына билеттің толық құнын қайтару немесе сатып алынған арна арқылы тегін қайта брондау мүмкіндігі ұсынылған.
Әуе компания жолаушылардан дипломатиялық және мемлекеттік органдардың ресми хабарламаларын қадағалап, байланыста болуды және брондау кезінде көрсетілген телефон нөмірі мен электрон поштаның өзекті болуын қамтамасыз етуді сұрады.
