Президент Михаил Шайдоровты марапаттады

Қасым-Жомарт Тоқаев XXV қысқы олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровты марапаттады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ақорданың мәліметінше, ХХV қысқы олимпиада ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі Ақорда резиденциясында өтті. Президент салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде Қазақстан үшін бұл олимпиаданың орны ерекше екенін айтты.

Отандасымыз Михаил Шайдоров тамаша өнер көрсетті. Мәнерлеп сырғанаудан алтын медальға ие болып, көк Туымызды Олимп шыңына көтерді. Сондықтан Михаилға алғысымды білдіріп, құтты болсын дегім келеді. Ақордада жиналып отырған адамдарға, ең алдымен, Михаилдың әкесі мен жеңімпаздың бапкеріне ризашылығымды айтамын. Баршаңызды тағы да шын жүректен құттықтаймын! Сіздер қажырлы және табанды еңбектің арқасында Михаилды мықты спортшы, нағыз дарын иесі ретінде бүкіл әлемге паш еттіңіздер. Халқымыз Михаилды мақтан тұтады, ал жас буын одан үлгі алады. Олимпиада жеңімпазы болу – биік мақсат жолында кез келген қиындықты жеңу, яғни, ұзақ әрі күрделі жолға дайын болу деген сөз. Темірдей тәртіппен күн сайын тынымсыз жұмыс істеген адам ғана зор табысқа жетері анық, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровтың жеңісі еліміз үшін теңдесі жоқ жетістік саналатынына назар аударды.

Біріншіден, бұл – көптен күткен, яғни, 32 жылдан кейін қол жеткізген тарихи жүлде. Екіншіден, бұл – мәнерлеп сырғанаудан ел қоржынына түскен алғашқы олимпиада алтыны. Үшіншіден, күллі әлем елімізде әйгілі спортшы Денис Теннің жолын жалғастыратын дарынды жастардың бар екеніне куә болды. Михаил Шайдоровтың олимпиадада көрсеткен керемет өнері, сөзсіз, тарихи жетістік, нағыз триумф. Кортина мұз айдынында отандасымыздың жұлдызы жарқырады. Бұл – олимпиада чемпионының өзін-өзі шыңдап, өз күшіне сенгенінің, мәнерлеп сырғанау сияқты аса қиын спорт түріне деген ерекше махаббатының жемісі, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев XXV қысқы олимпиада ойындарындағы жетістіктері үшін Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, бапкері, жаттықтырушы-кеңесші Алексей Урмановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Әсем Қасановаға, мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа, Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералыға «Құрмет» ордені табысталды.

Еске салайық, Қазақстанның мәнерлеп сырғанаушысы, олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Қазақстанға оралған болатын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да