World Boxing Organization Қазақстанның орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына допиң сынамасына байланысты бір жылға жарыстардан шеттету жазасын қолданды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Sports.kz мәліметінше, спортшының чемпиондық атақтары өзінде қалды. Шеттету мерзімі ішінде боксшыға кез келген кәсіби немесе көрме жекпе-жектеріне қатысуға тыйым салынады.
Орта салмақтағы бәсекелестікті сақтау және рейтиңдегі үміткерлердің құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында WBO уақытша чемпиондық атақ үшін жекпе-жек өткізуге рұқсат берді. Рейтиңнің бірінші сатысындағы Дензел Бентли екінші орында тұрған Энди Сааведрамен кездеседі.
Ұйымның мәліметінше, шеттету мерзімі аяқталғаннан кейін Жәнібек Әлімханұлы уақытша чемпионмен міндетті түрде жекпе-жек өткізуге тиіс. Бұл талап орындалмаған жағдайда ұйым регламентіне сәйкес қосымша шаралар қабылдануы мүмкін. Аталған шешімге дейін аралық кездесу өткізуге жол берілмейді.
Жаза мерзімі 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап есептеледі. Толық қорытындылар мен талаптар көрсетілген ресми құжат кейінірек жарияланады.

