Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Қажылық маусымы: Меккеде 47 градусқа дейін ыстық болуы мүмкін

Фото: Depositphotos.com
Сауд Арабиясы билігі қажылық маусымы кезінде экологиялық жүктемені азайту шараларын күшейтіп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Agenzia Nova агенттігінің мәліметінше, биыл Мекке қаласына әлемнің түкпір-түкпірінен 1,6 миллионнан астам мұсылман келуі мүмкін. Осыған байланысты корольдік билігі қалдықтарды басқару, аптап ыстықтың салдарын азайту, электр көлігін дамыту және цифрлық технологияларды енгізу бағыттарына ерекше көңіл бөліп отыр.

Сауд Арабиясының қалдықтарды басқару жөніндегі ұлттық орталығы мәліметінше, былтырғы қажылық маусымында 348 мың тоннадан астам қоқыс жиналған. Биыл қалдықтарды жинау және қайта өңдеу жұмыстарына еріктілер мен коммерциялық емес ұйымдар да тартылған.

Қажылық кезінде аптап ыстық басты қауіптердің бірі болып отыр. Сауд Арабиясының ұлттық метеорологиялық орталығы ауа температурасы 47 градусқа дейін жетуі мүмкін екенін болжады. Сауд Арабиясының денсаулық сақтау министрлігі қажыларды күн өтуден сақтану үшін қолшатыр пайдалануға шақырды. Кейінгі жылдары қажылық аймақтарына 6 мыңнан астам су бүріккіш орнатылып, көлеңкелі орындар көбейтілген. Сонымен қатар жолдарға арнайы салқындатқыш жабын төселген. Медициналық қауіпсіздік шаралары да күшейтілген. Қажылық кезінде 3 мыңнан астам жедел жәрдем көлігі, электрлі гольф-карлар, мотоциклдер және 11 санитарлық тікұшақ жұмыс істейді. Бұдан бөлек, медициналық дрондар мен цифрлық сұрыптау жүйелері сынақтан өткізіліп жатыр, — делінген хабарламада.

Экологиялық стратегия аясында көлік инфрақұрылымы да жаңартылып жатыр. Al-Mashaer электр пойызы Мина, Муздалифа және Арафат аймақтарын байланыстырып, екі миллионнан астам жолаушы тасымалдауға мүмкіндік береді.

Ұзындығы 18 шақырым болатын теміржол желісі тоғыз станциядан тұрады. Жүйенің іске қосылуы қасиетті орындарға қатынайтын шамамен 50 мың автобус рейсін қысқартуға мүмкіндік берген. Сонымен қатар қажыларды Мекке, Мәдина және рәсім өтетін орындар арасында тасымалдау үшін 8 мыңнан астам автобус пайдаланылады.

Exit mobile version