Алматыда Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінда Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің жеке коллекциясынан құралған «Димаш: бір дауыс – мың ел» көрмесі ашылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Өнер иесі арнайы қатысып, көрменің тұсауын өзі кесті.
Экспозицияға әншінің жеке қорынан 70 музыкалық аспап қойылған. Олардың арасында әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлері тарту еткен бірегей жәдігерлер бар. Сонымен қатар көрмеде сахналық костюмдері ұсынылды. Әсіресе, әлемдік поп-мәдениет жұлдызы Майкл Жексоннің жеке стилисі Гоко Залди әзірлеген сахналық киім көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Әнші музей қорына екі бірдей домбырасын табыстады. Оның бірі – атасы сыйға тартқан, бала кезінен серік болған домбырасы, екіншісі – әншінің қолтаңбасы қойылған аспап, — делінген хабарламада.

Музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Құдайбергенқызы өнер иесіне қазақтың ұлы ойшылы әрі композиторы Абай Құнанбайұлының домбырасының дәл көшірмесін сыйға тартты. Көрме бір ай бойы Алматы қаласы, Зенков көшесі, 24а мекенжайында жалғасады.
Еске салайық, 5 ақпанда Димаш Құдайбергеннің Voice Beyond Horizon халықаралық музыкалық реалити-шоуының тұсауы кесілді.
