Алматы облысында премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Аида Балаеваның жетекшілігімен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері «Шин-Лайн» ЖШС ұжымымен кездесті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Министрліктің мәліметінше, іс-шараға мәжіліс депутаттары Мақсат Толықбай, Жанарбек Әшімжанов, Сергей Пономарев, сонымен қатар қазақстандық қоғамдық даму институты КЕАҚ басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова мен Қазақстан халқына қоғамдық қорының төрағасы Ләззат Шыңғысбаева қатысты.
Кездесуде Аида Балаева қолданыстағы Конституция кейінгі 30 жылда Қазақстанның қалыптасуы мен серпінді дамуына берік негіз болғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезеңде мемлекеттің құндылықтары мен басымдықтарын нақты айқындау аса маңызды.

Вице-премьер жаңа Конституция Преамбуласында негізгі құндылықтар бекітілгенін, соның ішінде білім, ғылым, мәдениет және инновациялар алғаш рет конституциялық деңгейде айқындалғанын жеткізді.
Мемлекет білім сапасын арттыруға, ғылымды дамытуға және оны өндіріспен ұштастыруға айрықша көңіл бөліп келеді. Өндірістің жаңаруы мен өнім сапасының артуы – ғылыми прогрестің жемісі. Ал сапалы серпіліс жасау үшін бұл қағидаттарды Конституция деңгейінде бекіту қажет. Себебі Ата заң – кейінгі заңнамалық әрі бюджеттік шешімдердің негізі, – деді Аида Балаева.
Кездесуде Конституцияда мәдениет пен тарихи-мәдени мұраны қорғауға қатысты нормалар алғаш рет нақты бекітілгені де айтылды.
Жаңа Конституция жобасын әзірлеген комиссия жұмысы туралы Сергей Пономарев баяндады. Оның айтуынша, құжатты дайындауға жетекші конституционалистер, заңгерлер, Конституциялық кеңес мүшелері мен парламенттік фракция жетекшілері қатысқан.
Преамбула – жай кіріспе емес, бұл Конституцияның мәнін түйіндейтін өзек. Он жеті жолдан тұратын мәтінде біздің өміріміз, қоғамдағы қарым-қатынас қағидаттары және мемлекеттің ұзақ мерзімді даму бағыты көрініс тапқан, – деді депутат.
Жұлдызай Ысқақова жаңа Конституция жобасы заманауи қатерлерді ескере отырып, жүйелі әрі терең талдау негізінде әзірленгенін айтты. Құжат Ата заң архитектурасын жаңғыртуға және құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
Кездесу соңында «Шин-Лайн» ЖШС қызметкерлері сұрақтар қойып, ұсыныстарын білдірді. Жалпыұлттық коалиция өкілдері азаматтардың референдумға қатысуының маңызын атап өтті.
