Жамбыл жұртшылығы жаңа Конституцияны қолдады

Жамбыл облысының тұрғындары жаңа Конституциялық жобаны қолдайтынын білдірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері өңірге арнайы барып, жұртшылықпен кездесті.

Жиын облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешені аумағында өтті. Іс-шараға мәслихат депутаттары, ардагерлер, шығармашылық және зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктер мүшелері, сонымен қатар медицина және білім беру саласының қызметкерлері қатысты. Жалпы саны 500-ге жуық адам бас қосты, — делінген хабарламада.

Кездесуде қатысушылар жаңа Конституция қоғам сұранысына толық жауап беретінін және Тәуелсіз Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз ететінін атап өтті.

Жиын қорытындысында өңір тұрғындары 15 наурызда сайлау учаскелеріне барып, жаңа Конституцияны қабылдау арқылы қуатты, әділетті және прогрессивті Қазақстан құру жолында өз таңдауын жасайтынын жеткізді.

Еске салайық, Қазақстанда алдағы референдум мен жаңа Конституция жобасына арналған ресми сайт іске қосылды.