Талдықорғанда интернет-таныстық арқылы бопсалаумен айналысқан тоғыз адам сотталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жетісу облыстық прокуратураның мәліметінше, қылмыстық топ 2024 жылғы мамырдан 2025 жылғы наурызға дейін өңірде азаматтарды психологиялық қысым көрсету арқылы бопсалаумен айналысқан. Олар әлеуметтік желілер мен мобайл қолданбалар арқылы жәбірленушілердің сеніміне кіріп, кейін түрлі сылтаумен өз үйлеріне шақырған.
Жәбірленушілерді жалған түрде «зорлау фактісі бойынша полицияға арыз береміз» деп қорқытып, мәселені реттеу үшін ірі көлемде ақша талап еткен. Осы әрекеттерден азаматтар қатты қысымға ұшыраған.
30 қаңтарда Талдықорған қалалық соты үкім шығарып, сотталушылар қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігінің 1), 2) және 3) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
