Қысқы олимпиаданың бесінші күні өтті. Финалға өткен Қазақстан спортшылары бар ма?

Не болды?

Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы XXV қысқы олимпиада ойындарының финалына Қазақстан спортшыларының бірі өтсе, бірі өте алмады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Фристайл-могул

Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметінше, 11 ақпан күні Аяулым Әміренова, Юлия Галышева және Анастасия Городко әйелдер арасындағы фристайл-могулдың екінші іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, финалға жолдама алды.

Финалда алғаш сырғанағанда Галышева 14-орын, Городко 15-орын, Әміренова 18-орын алды. Алайда бұл нәтиже үздік сегіз могулшы ғана шығатын негізгі финалға өтуге жеткіліксіз болды. Қазақстан спортшы қыздары шешуші бәсекеге өте алмай қалды.

Ал ерлер арасындағы финалға өту үшін үздік ондыққа ену қажет. Қазақстан спортшысы Павел Колмаков тоғызыншы орынға тұрақтады. Осылайша ол бүгін, ерлер арасында өтетін финалдағы кезеңге жолдама алды.

Шаңғы қоссайысы

Қалыпты тұғырдағы шаңғы қоссайысы спорт түрінен Қазақстан намысын Шыңғыс Рақпаров қорғаған еді. Ол тұғырдан секіру нәтижесі бойынша мәрені 32-ші болып кесіп өтті. Спортшымыз жеңімпаздан 8 минут 48,6 секунд артта қалды.

Жарысты Норвегия щаңғышысы Йенс Лураас Офтебро жеңіп шықты. Аустрия спортшысы Йоханнес Лампартера екінші, ал Финляндия спортшысы Ээро Хирванен үшінші орын алды.

Естеріңізге салайық, Шыңғыс Рақпаров қысқы олимпиада ойындарында үлкен тұғырда да өнер көрсетеді.

Мәнерлеп сырғанау

Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров қысқа бағдарламасын қатесіз орындап, бесінші орынға тұрақтады. Отандасымыз ерлер арасындағы сында қысқа бағдарламадан 92.94 ұпай алған еді.

Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша, АҚШ өкілі Илья Малинин 108.16 ұпаймен көш бастап тұр. Екінші орынға жапон спортшы Юга Кагияма (103.07 ұпай) жайғасса, үшінші нәтижені Франция спортшысы Адам Сяо Хим Фа (102.55 ұпай) көрсетті.

Кім жеңетінін анықтау әлі ерте. Енді еркін бағдарламаны күту керек. Ерлер арасындағы еркін бағдарлама 13 ақпанда өтеді.

Биатлон

Олимпиада ойындарында биатлоншылар Әсет Дүйсенов пен Владислав Киреев ерлер арасындағы 20 шақырымдық жекелей жарыста өнер көрсетті.

Үздік нәтижені Владислав Киреев көрсетті. Ол 53-орын алды. Ал Әсет Дүйсенов жарысты 74-орынмен аяқтады.

Сайыс қорытындысы бойынша, Йохан-Олав Ботн (Норвегия) жеңіске жетті. Франция спортшысы Эрик Перро күміс медалға ие болса, қола жүлде Стурла Легрейдке (Норвегия) бұйырды.

Ал әйелдер арасындағы 15 шақырымдық жекелей жарысқа бізден Милана Генева мен Айша Рақышева шықты. Генева 89-орын, Рақышева 86-орын алып, келесі кезеңге өте алмай қалды.

Әйелдер арасындағы бұл бағыт бойынша Жули Саймон (Франция) олимпиада чемпионы болды. Лу Жанмонно (Франция) күміс, Лаура Христова (Болгария) қола жүлдені жеңіп алды.

Шорт-трек

10 ақпан күні 1000 метр қашықтықта Денис Никиша, 500 метр қашықтықта Яна Хан мен Ольга Тихонова, шорт-тректен аралас эстафеталық жарыста Абзал Әжіғалиев бақ сынады. Нәтижесінде Абзал Әжіғалиевтан басқалары жартылай финалға өте алмады. Абзал Әжіғалиев алда жеке сайысқа қатысады.

Бүгін шорт-тректен алғашқы жарыс күні өтті. Аралас эстафетада өнер көрсеттік. Келесі кезеңге өте алған жоқпыз. Бірақ бұл жекелей сайыстың алдындағы сынақ деп ойлаймын. Сондықтан алда әлі жекелей жарыс бар. Біз соңына дейін күресеміз. Олимпиада әлі біткен жоқ, — деді Абзал Әжіғалиев.

Абзал Әжіғалиевтің айтуына қарағанда, бұған дейінгі олимпиадаларда аралас эстафета бағыты бойынша тек 1-2 құрама болған. Қазір тек Америка, Канада елдері емес, Еуропа және Азия елдері жоғары деңгейде өнер көрсетіп жатыр. Додаға келген әр команда өте мықты. Сол себепті командалық жарыс өте қиын өткен.

Финалға кім өтті?

Бүгін ерлер арасындағы фристайл-могул бағыты бойынша өтетін финалда Павел Колмаков бақ сынайды.

Тағы да бақ сынайтындар:

  • шаңғы қоссайысы бойынша үлкен тұғырда Шыңғыс Рақпаров;
  • 13 ақпанда мәнерлеп сырғанау бойынша ерлер арасындағы еркін бағдарламада Михаил Шайдаров;
  • 14 ақпан күні әйелдер арасындағы паралелльді могул бойынша ұлттық құрама спортшылары;
  • шорт-тректен ерлер арасындағы жеке сайысқа Абзал Әжіғалиев жарыс алаңына шығады.

Контекст

Естеріңізге салайық, қысқы олимпиададағы спортшылардың 12 ақпандағы жарыс кестесін жариялаған едік. 

Итальян шорт-трекші қысқы олимпиадан он екінші жүлдесін алды, бұл тарихта болмаған оқиға. 

Қазақстан қысқы олимпиада ойындарынан алтын алған спортшыға 250 мың доллар береді.