Қазақстанда қызылша жұқтырғандар саны артып, эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ауру кең таралып, оны тоқтату қиынға соғып отыр. Инфекцияның жаппай таралуының басты себебі – халықтың вакцинациядан бас тартуы.
Жыл басынан бері республика бойынша 1 951 адам қызылша жұқтырған. Аурудың ең көп жағдайы Астанада (581), Жамбыл облысында (339), Алматыда (317) және Алматы облысында (146) тіркелген. Эпидемиологиялық талдау нәтижесі бойынша, науқастардың 79%-ы мүлде вакцина алмаған, 8,4%-ы екпенің толық курсын өтпеген, ал 10%-ының иммундық мәртебесі белгісіз. Сонымен қатар екпе алмаған балалардың 59%-ы ата-анасының шешімімен вакцинацияланбаған, — делінген хабарламада.
Дәрігерлер қызылшаның аса жұқпалы вирустық ауру екенін ескертеді. Вакцина салынбаған жағдайда дерт ауыр өтіп, пневмонияға, есту қабілетінің төмендеуіне, энцефалитке әкелуі мүмкін. Кей жағдайда ауру өліммен аяқталуы ықтимал.
Мамандардың айтуынша, қызылша әсіресе жас балалар, екпе алмаған ересектер мен жүкті әйелдер үшін қауіпті.
