Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанның ең жоғары мемлекеттік марапаты — Nishan-e-Pakistan орденімен наградталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ақорданың мәліметінше, салтанатты рәсім Исламабад қаласында өтті. Мемлекет басшысына орденді Пәкістан президенті Асиф Али Зардари мен премьер-министр Шахбаз Шариф табыстады. Іс-шараға Пәкістан үкіметінің мүшелері, парламент депутаттары, қарулы күштердің жоғары басшылық құрамы және дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.
Nishan-e-Pakistan ордені елдің дамуына айрықша үлес қосқан Пәкістан азаматтарына, сонымен қатар шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлеріне беріледі. Бұл марапат Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық аренадағы беделін, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы саяси-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін айқындайды.
