БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған алқа отырысы өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, жиынға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, зиялы қауым, жоғары оқу орындарының ректорлары, бизнес-қауымдастық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Аудан әкімдері селекторлық режим арқылы қосылды.
Аймақ басшысы жаңа Конституцияны қабылдау «Әділетті Қазақстан» қағидаттарын орнықтыру жолындағы маңызды әрі тарихи қадам екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының бастамашы болған конституциялық реформа еліміздің болашақ даму бағытын айқындайды. Конституциялық комиссияның жұмысы ашық жүргізіліп, нәтижесінде халық назарына түзетулер жобасы ұсынылды. Сондықтан бұл құжатты талқылау да терең, байыпты әрі сындарлы болуға тиіс, – деді Нариман Төреғалиев.

Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Атауов заң шығару бастамасына ие болатын жаңа институт – Халық Кеңесінің құрылуы азаматтық қоғамның әлеуетін арттыратын маңызды қадам екенін айтты.
Журналист, ҚР президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин вице-президенттің өкілеттік мерзімінде партияға мүше болмауы саяси ұйымдардың тең дамуына және әділ бәсекелестікке жол ашатынын жеткізді.
AMANAT партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев пен ҚХП облыстық филиалының төрағасы Борис Лаврентьев тағдыршешті мәселелерді халықпен бірге талқылау – демократиялық дамудың маңызды көрінісі екенін атап өтті.
Ал Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің проректоры Жанар Досқазиева азаматтардың жеке деректерін цифрлық кеңістікте қорғау мәселесінің Конституция жобасына енгізілуі Ата Заңның заман талабына сай жаңарғанын көрсететінін айтты.
Жиын соңында облыс әкімі жауапты органдарға жаңа Конституция жобасын халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырып, қоғам өкілдерін белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды.
