Президент қылмыстық жолмен алынған кірістер мен терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылға қатысты бірқатар жарлыққа өзгерістер енгізді.
Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлап отыр.
Жарлық бойынша, үш мемлекеттік орган — қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және қаржылық мониторинг агенттігі — өз функцияларын кеңейтіп, нақтыланған.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қылмыстық кірістер мен терроризмді қаржыландыруға қарсы заңнама талаптарын сақтау жөніндегі бақылауды күшейтеді. Агенттіктің бақылау аясына экспорттық-кредиттік агенттік, бейрезидент банктер мен сақтандыру ұйымдарының филиалдары, бейрезидент сақтандыру брокерлері және ұлттық пошта операторы енгізілген.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тауар биржалары мен брокерлердің, клирингтік орталықтардың заң талаптарын сақтауына бақылау жүргізетін болады, сонымен қатар ішкі бақылау қағидаларын бекітетін құзіретке ие болды.
Қаржылық мониторинг агенттігі күдік туындаған жеке және заңды тұлғалар туралы ақпаратты құқық қорғау және арнайы органдарға жолдап, бас прокуратураны хабардар етеді. Агенттік жария лауазымды тұлғалардың, олардың жұбайлары мен жақын туыстарының тізбесін жүргізіп, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл шараларын үйлестіреді.
Сонымен қатар қылмыстық жазасын өтеп шыққан, бірақ соттылығы әлі алынбаған адамдарды терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты тұлғалар тізімінен шығару тәртібі нақтыланған.
Жарлық қолданысқа енгізілген сәттен бастап аталған агенттіктердің функциялары кеңейіп, заң үстемдігін қамтамасыз ету мен қаржылық қауіпсіздікті арттыру бағытында қосымша іс-шараларды іске асыруға мүмкіндік алды.
