Асламбек Мерғалиев: Сот актілерінің 98,8%-ы өзгеріссіз қалды

Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары сот кеңесінің төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.

Мемлекет басшысына сот төрелігін іске асырудың 2025 жылғы қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспар баяндалды.

Асламбек Мерғалиев сот төрелігінің сапасы тұрақты түрде сақталғанын айтты. Оның мәліметінше, жоғары тұрған сот сатылары сот актілерінің 98,8%-ын өзгертпеген. Әкімшілік әділет саласында жүргізілген жүйелі шаралардың нәтижесінде мемлекеттік органдармен дауларда азаматтардың құқығын қорғау көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған.

Атап айтқанда, әкімшілік органдар мен лауазымды тұлғалардың 4,5 мың актісі заңсыз деп танылды. Татуластыру рәсімдерін қолдану үлесі азаматтық істерде 45,9%, әкімшілік істерде 11,8% болды. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер саны 11,8%-ға азайып, 441 мыңға дейін төмендеген.

Сонымен қатар рақымшылық актісінің нәтижесінде 583 адам жазадан толық босатылып, 5 мыңнан астам сотталушы жазасын одан әрі өтеуден босатылды, 9,2 мың адамның жаза мерзімі қысқартылды. Қамауға алуға рұқсат беруден бас тарту үлесі 37,5%-ға дейін өссе, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы екі есеге жуық артқан. Бұған электрон білезіктерді кеңінен қолдану ықпал еткен.

Кассациялық сотқа түсетін шағымдар санының едәуір артқаны байқалды. Алты айдың ішінде кассациялық сотқа 16,2 мыңнан астам арыз-шағым түскен. Кассация арқылы түзетілген сот актілерінің үлесі азаматтық істерде 18%-ға, қылмыстық істерде 28%-ға дейін ұлғайған. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, сот жүйесіне деген абсолютті сенім деңгейі кейінгі үш жылда 55,2%-дан 63,2%-ға дейін артқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырудың, азаматтарға әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің және қоғамның сот жүйесіне деген сенімін одан әрі нығайтудың маңызын атап өтті.