Енді «1414» қысқа нөмірінен SMS-код жолдағысы келетін мемлекеттік орган өкілдері өздерінің жеке басын міндетті түрде FaceID, электрон цифрлық қолтаңба немесе eGov QR арқылы растауға тиіс.
Бұл туралы Қазақстанның бас прокуратурасы хабарлап отыр.
Ведомствоның мәліметінше, бұл талапқа қосылмаған жүйелер «1414» нөмірі арқылы хабарлама жібере алмайды. Талап алаяқтықпен күресті күшейту мақсатында қабылданған. Бұған дейін алаяқтар «1414» нөмірін пайдаланып, өзін мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, азаматтарды алдап келген.
Алаяқтар әлі де кең таралған схема бойынша әрекет етуі мүмкін. Яғни, олар алдымен өзін қандай да бір мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып қоңырау шалады, кейін полиция немесе ұлттық қауіпсіздік комитетінің атынан қайта хабарласып, телефонға келген SMS-кодты сұрау арқылы азаматтардың жеке шотындағы қаражатын иемденуге немесе олардың атына несие рәсімдеуге тырысады.
Осыған байланысты прокуратура азаматтарға тағы да ескерту жасады:
-
мемлекеттік органдар мен банктер ешқашан SMS арқылы келген бір реттік кодтарды, банк картасының деректерін немесе құпиясөздерді сұрамайды;
-
«қауіпсіз шот» деген ұғым жоқ, мұндай ұсыныстар – алаяқтықтың белгісі.
Егер күмәнді қоңырау келіп түссе, әңгімені бірден тоқтатып, аталған мекеменің ресми байланыс нөмірлеріне өзіңіз хабарласу қажет.
