Оралдағы №17 мектептің оқушысы қатарластары тарапынан жүйелі түрде қорлық көріп, соққыға жығылған. Бұл туралы баланың туыстары хабарлап отыр.
Олардың айтуынша, күдіктілер болған жағдайды видеоға түсіріп, оны мектеп ішінде таратқан.
Әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбаға байланысты Орал қаласы Абай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тексеру жүргізді.
Полицияның мәліметінше, оқиға өткен жылдың қазан айында болған. Алайда аталған дерек бойынша сол кезде ешқандай арыз-шағым түспеген.
Видеодағы оқушылардың жеке бастары анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ата-аналардың балаларды тәрбиелеу және оқыту міндеттерін орындамауы дерегі бойынша материалдар жиналды. Барлық құжат кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жолданды, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандар жасаған құқыққа қайшы әрекеттер туралы уақтылы хабарламағаны үшін білім бөліміне қатысты ұсыныс енгізілді.
Қазіргі уақытта жәбірленуші балаға психологтар көмек көрсетіп жатыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу барысы полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында.
