Оралда бокстан жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты басталды

Оралда 2013 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан ҚР чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл – аталған жас санаты бойынша ел біріншілігінің Орал өңірінде алғаш рет ұйымдастырылуы.

Байрақты бәсекеге еліміздің барлық өңірінен келген 230-ға жуық жас боксшы қатысуда. Олар 33 келі салмақ дәрежесінен бастап 70 келіге дейінгі аралықта чемпиондық атақ пен жүлделі орындар үшін өзара бақ сынайды.

Бокс
Фото: БҚО әкімдігі

Чемпионаттың ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облыстық спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, 2016 жылғы олимпиада ойындарының чемпионы, кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов және Қазақстан Республикасының бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы Аслан Егеубаев қатысып, жас спортшыларға сәттілік тілеп, ақ жол тіледі.

Айта кетейік, бұл ел чемпионаты Өзбекстанның Ташкент қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына іріктеу кезеңі. Сондықтан жарыстың деңгейі жоғары, ал тартыс ерекше болмақ.